Эстонияда қазақ мәдениеті кеңінен насихатталды
Эстонияда қазақ мәдениеті таныстырылды. Еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі Республика күніне орай қазақстандық музыканттардың концертін ұйымдастырды. «Сазген сазы» этно-фольклорлық ансамблінің ұжымы бастаған отандық музыканттар шетелдіктерге «Ұлы дала сарынын» жеткізіп, талантымен тамсантты. Эстония үкіметінің мүшелері, кәсіпкерлер, дипломаттар мен осы елде тұратын қандастар мерекелік дастарханнан дәм татып, кештен рухани ләззат алды.
Тәуелсіздік алған күннен әлем елдерімен достықты нығайтқан Қазақстанның қуанышын бөлісуге келгендер де сол туыстай болып кеткен шетелдік дос, сенімді серіктес. Бірі аяққа енді тұрған Қазақстанға кезінде қорықпай қаржы құйған кәсіпкер, енді бірі ел мен елді елдестірген елшілер. Мәртебелі меймандарға еліміздің Эстониядағы елшісі Алтай Көлгінов Қазақстандағы саяси-экономикалық реформалар, тың өзгерістер жайлы баяндады. Сақа саясаткерлер елдің 35 жылда жеткен жетістігіне жоғары баға беруде.
Тийт Вяхи, Эстонияның 1995-1997 ж.ж. премьер-министрі:
Қазақстан пайдалы қазбаға ғана емес, түрлі дәнді дақылға, түсті металдарға бай мемлекет. Елдеріңіздің экономикасы қарыштап өсіп келеді. Астана жаһандық деңгейдегі маңызды шаһарға айналды. Эстония Қазақстанмен мәдениет, білім, ғылым саласында ынтымақты күшейтуге мүдделі. Транзиттік әлеуетіміз де зор.
«Мәдени дипломатия – Қазақстанның жұмсақ күші» деседі шетелдік саясаткерлер. Таллиндегі концертті ұйымдастырудағы мақсат та сол – ұлттың мәдени құндылығын көпшілікке паш ету. «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ә дегеннен-ақ өнерімен шетелдіктерді тәнті етті.
Құнды қобыз, сыршыл домбыра, нәзік шертер, сазды сыбызғы. Әлемдік деңгейдегі классикалық жауһарларды қазақ музыканттарының ұлттық аспаптармен шебер орындауы еуропалықтардың таңдайын қақтырды.
Анна Бум, музыкант:
Керемет концерт. Ұлттық киімдеріңіз, аспаптарыңыз ғажап. Вивальдиді скрипка мен ұлттық аспаптың сүйемелдеуімен жаңа нұсқада тыңдап, риза болдым. Осындай мәдени шаралар халықтарды бір-біріне жақындата түседі.
Нина Павлова, Таллин тұрғыны:
Концертті рахаттанып көрдім. 1942-44 жылдары ағам екеуіміз тағдыр тәлкегімен Қазақстанда екі жыл тұрдық. Он жаста едім. Бізге халық қатты қамқорлық көрсетті. Бүгінгі концерттен ұлтыңыздың ерекшелігіне тағы куә болдым. Мәдениетіңізбен жақынырақ таныстым, сол үшін мың алғыс.
Мерекелік кеште «Ұлытау» тобы Бах, Вивальдидің шығармаларын орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. «Muzart Life» әншілері мен түркі мұрасын тұмар қылған «Арқайым» этно-фольклорлық ансамблінің өнері де көрерменді тамсантты. Екі сағатқа созылған концертті сілтідей тынып тыңдаған шетелдіктер таланттарға қошаметті жаудырды. Қазақстандық музыканттардың гастрольдік сапары енді Финляндия астанасы Хельсинкиде жалғасады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы 
                                 
                                 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                    