Басты Жаңалықтар БҚО-да алаяққа алданған тұрғындар тергеудің баяу жүріп жатқанына наразы

БҚО-да алаяққа алданған тұрғындар тергеудің баяу жүріп жатқанына наразы

Батыс Қазақстан облысында алаяққа алданған тұрғындар тергеудің баяу жүріп жатқанына наразы. Әрі банк қызметкерлері де алаяқтыққа қатысы бар деп күдіктенеді. Қылмыстық істердің ашылмауына не кедергі? 

Қаладан 500 шақырым қашықтағы Жәнібек ауданы тұрғыны Айнұр Сапиуллина арнамызға келіп шағым айтты. Алаяққа алданған әкімдік қызметкері істің үш айдан бері қозғалыссыз жатқанына  қынжылады. Қылмыскерлер белгілі схемамен әрекет еткен. Әуелі Beeline қызметкері, кейін Ұлттық банк өкіліміз деп қоңырау шалып, оның атына несие рәсімдеп тастаған.

Айнұр Сапиуллина, Жақсыбай ауылының тұрғыны:

Мен сеніп қалдым, шыны керек. Өмірімде 1 млн 600 мың теңге кредит алып көрген емеспін. Өйткені миллиондап алатын еңбекақым жетпейді. Себебі мен қолыма қазір 101 мың теңге ғана еңбекақы аламын. Сондықтан анадай етіп айтқаннан кейін шок болдым. Мен банкте отырған қызметкерлер алаяқтармен тікелей қарым-қатынаста деп ойлаймын.

Ал бұрын Теректі ауданында тұрған Кәрібай Дүйісовтің депозитінен алаяқтар 4 млн теңге үптеп кеткен. «Ұрының кім екенін көрсетіп берсем де, мінекей, бақандай бес жыл бойына полиция оны ұстай алмай келеді», - деп қапаланады. Екі адвокат жалдаған. Енді Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға шағымданбақшы.

Кәрібай Дүйісов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

2020 жылы 17 шілдеде түнгі сағат 23:00-де маған банктен кодты ешкімге айтпаңыз деп, хабарлама келді. Ертеңіне барған кезде менің депозитімде бір тиын да қалмаған. Теректі ауданының оперларына ұрының тығылып жатқан жерін айтып, жіберткіздім. Сонда олар ол жерге бармай, бірақ «бардық» деп, қағаз жүзінде есеп толтырған. Нәтиже жоқ.

Облыстық Полиция департаментінің өкілдері қазір екі іс бойынша да іздестіру шаралары жүріп жатқанын айтты. Жыл басынан бері 366 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Соның ішінде тек 120 қылмыстық іс сотқа жолданған. Басқарма басшысы тергеудің қиындығымен қоса, Айнұр Сапиуллинаның дерегіне қатысты мән-жайды түсіндірді.

Артур Мұсағалиев, облыстық Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

Қиындығы – онлайн тұлғаларды анықтау. Қылмыстық іске келетін болсақ, банктің берген құжатында түсінбеген факті болған, сол себептен дроппер анықталмаған. Алайда қазіргі жағдайда дроппер анықталды. Банк қызметкерлеріне қатысты биыл бір-бір қылмыстық іс қозғалды. Өткен жылы да бір іс болды. Қазақстан аумағына келмеген тұлғаларға есепшот ашып, салдарынан алаяқтық ақша аударылған.

Қазір кейіпкеріміздің атына күдіктілер рәсімдеген несие уақытша тоқтатылған. Алайда екінші деңгейлі банктер қанша жерден «қауіпсіздік шараларын күшейттік» десе де, алаяқтар айылын жияр емес.


Бөлісу