Елімізде аритмолог мамандар тапшы
Елімізде жүрек ырғағының бұзылуын емдейтін аритмолог мамандар тапшы. Әсіресе балалар аритмологы саусақпен санарлық. Қазір республика бойынша науқастарды тексеріп, операция жасайтын бар-жоғы 40 қана дәрігер бар. Бұл туралы Орталық Азия Аритмология Саммитінде айтылды. Халықаралық жиын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында өтіп жатыр. Министрліктің штаттан тыс бас аритмологы мәселені шешу үшін нақты қадамдар жасалып жатқанын жеткізді. Айтуынша, алдағы уақытта бірнеше облыста аритмология кабинеттері ашылады. Дерт жас талғамайды. Науқастардың көпшілігі 50-ден асқан азаматтар мен туа біткен жүрек ақауы бар балалар. Жалпы, саммитке қазақстандық жетекші мамандардан бөлек, 10-нан астам елдің сарапшылары қатысып жатыр. Олар жүрек жұмысының бұзылуын емдеудің жаңа тәсілдерін талқылап, жүрек тоқтауының алдын алу және кардиостимулятор орнату тәжірибесін бөлісті. Шара ертең аяқталады.
Аян Әбдірахманов, ҰШМҮО аритмология орталығының жетекшісі:
Жүрек ауруымен ауыратын науқастардың әрбір үшіншісі жүрек ырғағы бұзылуымен ауырады. Салауатты өмір сүрмесек, зиянды сусындар ішіп, темекі шексек, тамырларымыз бітеледі. Тамыр бітелгеннен кейін жүректің кеңеюіне, ишемиялық ауруларға әкеп соғады. Оның бәрінің артында жүректің ырғағының бұзылуы болады. Жүрек ырғағының бұзылуы – ол кенеттен өлімге әкеледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы