Басты Жаңалықтар Үкімет пен ЮНИСЕФ бірлескен жаңа құжатқа қол қойды

Үкімет пен ЮНИСЕФ бірлескен жаңа құжатқа қол қойды

Үкімет пен ЮНИСЕФ бала өмірінің алғашқы жылдарын қолдауға арналған «Сәтті бастау» атты жаңа құжатқа қол қойды. 2025-2027 жылдарға арналған жоспар үш министрліктің бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асады. Оқу-ағарту министрлігі балабақша стандарттарын халықаралық деңгейге сәйкестендіріп, тәрбиешілердің біліктілігін арттырады. Денсаулық сақтау министрлігі сәбидің алғашқы мың күндік күтімі мен тамақтануын жақсартады, ал Еңбек министрлігі ата-аналарды қолдау үшін цифрлық сервистерді дамытпақ. Ғалымдардың дерегінше, шақалақтың шыр етіп жаңа өмірге қадам басқандағы алғашқы үш жылы оның болашақ қабілеті мен дамуының ең маңызды кезеңі. Осы мың күндікте бала миында секунд сайын миллиондаған жаңа байланыстар түзіледі. Әлеммен қарым-қатынасы, өзіндік бітім-болмысы да осы уақытта қалыптасатын көрінеді. Нәрестеге ерте жастан қамқорлық жасауға салынған әрбір 1 доллар кейін қоғамға 9 есе пайда әкеледі, - дейді мамандар.

Манара Адамова, Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:
Бүгінгі күні уақытында тілі дұрыс шықпай жатқан балалар, дұрыс тамақтанбаудың әсерінен физиологиясы немесе денсаулығындағы мәселелердің күрт нашарлауы көп кездесіп жатыр және де ол тек бірнеше министрліктің емес, жалпы қоғамның бүгінгі таңдағы өзекті мәселесі.
Татьяна Адерихина, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі:
Балаға инвестиция сала отырып, біз елдің болашағына инвестиция жасаймыз. Әрбір бүлдіршіннің өз әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік беру – қоғамның ортақ міндеті. Жаңа «Сәтті бастау» құжаты баланың қай жерде дүниеге келгеніне, ата-анасының жағдайына немесе даму ерекшелігіне қарамастан, тең мүмкіндік пен қолдауға ие болуын қамтамасыз етіп, мемлекеттің қолдауын күшейтуді көздейді.


Бөлісу