Басты Жаңалықтар Археологияда бақылаусыз лицензияның салдары жойылады

Археологияда бақылаусыз лицензияның салдары жойылады

Архелогияда лицензия алу қиындайды. Енді бір рет құжат алып, өмір бойы қазба жүргізуге жол берілмейді. Құнды жәдігерлерімізді қара нарықта сатып, пайда табатындармен күрес күшеймек. Бүгін Мәжілісте археологиялық қызметті реттеуге бағытталған заң жобасы қаралды. Самал Қабышеваның бейнематериалы.

Бір лицензиямен – барлығына рұқсат. Енді архелогия саласында мұндай олқылыққа жол берілмейді. Жаңа заң жобасы құжат беру тәртібін түбегейлі өзгертпек.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:                                                                                                    

Енді екі бөлек лицензия болады – археологияға бөлек лицензия, реставрацияға бөлек. Лицензияның нақты мерзімі болады – 5 жыл. Әр лицензия үшін арнайы біліктілік талаптары енгізіледі. Егер заң талаптарын бұзса, олардың лицензиясын 6 айға дейін тоқтату немесе тіпті қайтарып алу туралы нормасын да енгіздік.

Ұлттық археологиялық қызмет құрылады

Қазір археологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыда бақылайтын, үйлестіретін нақты мекеме де жоқ. Енді Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында Ұлттық археологиялық қызмет құрылады. Ол қазба жұмыстарына мониторинг жүргізеді, ғылыми сараптама жасайды, бірыңғай ақпараттық жүйені басқарады және археологтарға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:                                                                                          

Металл іздегішпен келіп, бүкіл елді аралап жүр. Қазба байлықтарды қазып,  тауып алады. Шетел азаматтары келіп, бір шетін жарып, үйіне әкетіп жатыр.
Металл іздегіштерді лицензиясыз пайдалануға тыйым салынады.

Енді біздің елде де металл іздегіштерді лицензиясыз пайдалануға тыйым салынбақ. Себебі көптеген құнды жәдігерлерімізді осы құрылғылар арқылы тауып, «қара нарықта» пайда тауып жүргендер көп деді депутаттар.

Еске салайық, археологиялық қызметті реттеуге бағытталған жаңа заң жобасы Президент тапсырмасымен әзірленген. Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы археологиялық қызметті реттеуді, жүйелеуді, қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгендерге жазаны күшейту қажет екенін тапсырған еді. Дегенмен әлі де талқылауды қажет ететін бірнеше түзетулер бар. Мәселен, жазаға қатысты тармақ әлі де талқыланбақ. Сонымен қатар жер кадастрына ескерткіштердің қорғау аймақтарын енгізу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұл ұсыныстарға Үкіметтің қолдауы қажет, деді заң жобасына жетекшілік еткен депутат Асхат Аймағамбетов. Мысалы, жер кадастрына қатысты түзету енгізілсе, азаматтар базадан қай жерде жәдігерлердің бар-жоғы біле алады. Яғни, құрылыс басталмай тұрып, ақпарат алады. Қазір ондай мәлімет беретін дерек көзі жоқ деді депутат.    

Археологиялық жұмыстардың цифрлық жүйесі құрылады

Самал Қабышева, тілші:

Кім, қай жерде нені қазып жатыр? Қалай қазып жатыр? Не табылды? Қазбаның есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтар тізімі – енді осының барлығы бір цифрлық жүйеде болады. Бұл жүйе саланы ашық қылып, есеп пен тәртіпті орнатады деді депутаттар. Жаңа заң жобасы Мәжіліс қабырғасында, яғни екінші оқылымда әлі де талқыланып, толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Бөлісу