Басты Жаңалықтар Түркияда қазақ мәдениетін насихаттаушы ұйымдар көбейген

Түркияда қазақ мәдениетін насихаттаушы ұйымдар көбейген

Бауырлас Түркияда қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттап жүрген орталықтар мен ұйымдар көп. Жерорта теңізінің жағалауындағы Анталия қаласында да осындай бірнеше қоғамдық ұйым бар. Солардың бірі «Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығы» 11 жылдан бері түрлі шаралар өткізіп, Анталиядағы қазақстандықтарға ұйытқы болып келеді.

Жырақтағы қазақтардың басын қосып, түрлі шараларға ұйытқы болып жүрген қауымдастық төрайымы Ақмарал Рыспайқызы асылдың сынығы. Дәулескер күйші Рыспай Ғабдиевтің қызы. Ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді шетелдіктерге паш етіп, Түркияда оқитын жастарға да қамқорлық жасап жүреді.

Ақмарал Ғабдиева, «Қазақстан және Еуразия халықтары. Достық пен мәдениет» қауымдастығының төрайымы:

Бір девизіміз, әр қазақ – жалғызым. Біріміз бәріміз үшін бәріміз біріміз үшін деп бастаған болатынбыз. Қазақтың ұлттық өнерін тарихын осы жүрген жерімізде таныстырып жүру. Жастарымызды қамқорлап, оларға көмектесуге дайынбыз әрқашанда.

Ұлттық мұрамызды ұлықтап жүрген ұйымның айналасына осы жақтағы жас та, жасамыс та үйіріліп, түрлі шараларға атсалысып келеді.

Бейсен Құрмашев, Анталиядағы ақсақалдар алқасының мүшесі:

Шетелде болсақ та өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпаймыз. Басымызды біріктіріп, барлық адамдарың басын қосатын өзіміздің қазақ қоғамы бар. Сол қазақ қоғамы әрдайым ұлттық мейрамдарда, діни мейрамдарда, сол уақытта басымызды қосып, біріктіріп мейрамдарды әр уақытта бәріміз бірге тойлаймыз.

Кәбира Омарханққызы, апалар ансамблінің мүшесі:

Шет жерде жүрсек те көп қазақтар басымызды қосып, әрқашанда бірліктеміз. Өте жақсы ұйымшылмыз, Наурызда, түріктердің мейрамдарында қалмай, осылай ортада жүреміз. Құрақ құраймыз, хорға қатысамыз, өзіміздің салт-дәстүрлерді жас студенттер бар, соларға үйретеміз.

Жергілікті билік өкілдері мен қоғамдық ұйымдар да қауымдастықпен сенімді әріптестік орнатқан. Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты нығайтуда мемлекеттік емес ұйымдардың рөлі зор дейді олар.

Абдуллаһ Уйсал, «Түркі ошақтары» қоғамдық ұйымының Анталиядағы бөлімшесінің басшысы:

Анталияда түркі мемлекеттерінен келген бауырларымыз көп тұрады. Қазақ қауымдастығымен, өзге де бауырлас елдердің ұйымдарымен мәдени шараларда әрдайым біргеміз. Әсіресе ортақ мейрамымыз Наурызды бірге атап өтеміз. Түркі мемлекеттері бірлігінің жарқын үлгісі осы Анталия қаласында деп сеніммен айта аламын.

Қауымдастық домбыра мен қазақ биі үйірмесін ашып, жастарға ұлттық өнерімізді үйретті. Мектептер мен колледждерде қазақ тілі курстарының ашылуына атсалысты. Анталия қаласында Абай мен Жамбыл атындағы саябақтардың ашылуына тікелей мұрындық болды. Бұл қауымдастықтың 11 жыл ішінде атқарған шаруаларының бір парасы ғана.


Бөлісу