Трамп Ресейге қарсы санкциялар қабылдады
Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік әріптесімен телефонмен сөйлескеннен кейін онымен кездесетінін, тіпті Еуропада – Венгрия астанасында деп анонс жасағанын білеміз.
Бірақ саммит өтпейтіні бірден дерлік белгілі болды. Д. Трамптың: «Пайдасыз кездесу өткізгім келмейді. Нәтиже болатынына көзім жетпейінше, уақытты бостан-босқа құртқым келмейді», — дегенін түсінесің де. Аляскадағы құрметтің соңы немен аяқталғаны белгілі. Ал ең бастысы - соғыс ашушылар бір нәрсеге көнуге бейіл емес.
Ақыр соңында Д. Трамп президент болғалы алғаш рет Ресейге қарсы санкциялар қабылдады. Дәлірегі — мұнай алыптары «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларына. Ал Еуроодақ санкцияларының 19-пакетін жариялады. Ол банктерді, көлеңкелі флотты, сығымдалған табиғи газ және криптовалюта саласын қамтиды.
Мысалы, қара тізімге бұл жолы 117 танкер енгізілді, сөйтіп санкцияға ұшыраған кемелердің саны 557-ге жетті. «Альфа-Банк», «ВТБ» және «Сбер» банктерінің Беларусьтағы филиалдары, сондай-ақ ВТБ банкінің Қазақстандағы филиалы да санкциялық тізімге кіргізілді.
Осыған орай еліміздің Қаржы нарығын реттеу агенттігі: «Аталған банктің санкцияға ілінуі Қазақстанның қаржы жүйесінің тұрақтылығына әсер етпейді», — деген комментарий берген.
Айтпақшы, АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік-Шығыс Азияға бара жатқан жолда, ұшағында Ресей президентімен «Украина бойынша бейбітшілік келісімі жасалатын болса ғана кездесемін», — деп тағы мәлімдеді. Бұл жолы да: «Уақытымды босқа жоғалтқым келмейді», — деді.
Оңтүстік-Шығыс Азияға сапарының аясында ол бейсенбіде Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі. Трамп Украинадағы соғыс және Ресейге ықпал ету мүмкіндігін талқылайтынын да растады. Қытай басшысымен Ресей мұнайын сатып алуға шектеу қою мәселесін де әңгіме қылады.
Осы аптадағы халықаралық панораманың тағы бір айтарлық жаңалығы — Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози 21 қазанда Париждегі Санте түрмесінде жазасын өтей бастады. 2007 жылғы сайлауалды науқанына Саркози Ливияның сол кездегі басшысы Муаммар Каддафиден шамамен 50 миллион еуро алған деп, Париж соты Францияның бұрынғы президентін қыркүйекте 5 жылға соттаған еді. Экс-президент тоғыз шаршы метрлік жеке камерада отырады.
Саркози түрмеге отырмаса да, бұған дейін де сыбайлас жемқорлық және ықпал саудасы істері бойынша сотталған.
Жазда Франция билігі Саркозиді «Құрметті легион» және «Еңбегі үшін» ордендерінен айырды.
Саркозимен бір абақтыда отырғандар оған айғайлап, қорқытып-үркіте бастаған. Түрмедегі бұрынғы президенттің жанында күзетшілер жүреді...
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы