Басты Жаңалықтар Егемендік декларациясының қабылданғанына 35 жыл

Егемендік декларациясының қабылданғанына 35 жыл

Егемендік декларациясының қабылданғанына 35 жыл. 1990 жылы 25 қазанда тәуелсіздігімізді жариялау жолындағы тарихи қадам жасалған еді.

«Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» аталатын құжатты Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымының депутаттары қабылдады — барлығы 360 депутат.

Бұл шақырылымның екінші сессиясы 1990 жылы 15 қазанда басталған. Жоғарғы Кеңестің төрағасы Ерік Асанбаев Егемендік туралы декларацияның негізгі жобасы туралы баяндама жасайды. Ал талқылау үшін 17 қазан күні «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады.

Мемлекет құраушы ұлт — қазақтардың, біздің үлесіміз аз еді. Сондықтан оңай болмады. Әсте оңай болған жоқ. Дегенмен, қабылданды!

Сол күнгі сессияға 281 депутат қатысыпты, ал 79 депутат бармаған. 281 депутаттың 261-і қолдаған. 18 депутат қарсы болған, 2 депутат қалыс қалған...

Сонымен, құжатта «Халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар егемен мемлекет» деп жарияланды.

Иә, тәуелсіздікті 16 желтоқсан 1991 жылы алдық. Дегенмен, Егемендік туралы декларация бәрібір алғашқы қадам еді. Бұл - 70 жыл тұншыққан қазақтың үні еді!

Қ. Тоқаев Республика күнімен құттықтағанда былай деген:

«Қазақстан осыдан 35 жыл бұрын Егемендік декларациясын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басты. Тарихи құжатта халқымыздың өз болашағын дербес айқындау құқығы нақты көрініс тапты. Сол арқылы бостандықтың байрағын көтеріп, заманауи мемлекет құруымызға жол ашылды.

Содан бері еліміз қиын да күрделі жолдан өтті. Біз тәуелсіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекіттік, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныттық, жаңа астанамызды салдық. Сондай-ақ, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіздік».


Бөлісу