Басты Жаңалықтар «Қайрат» футбол клубы Қазақстан чемпионы атанды

«Қайрат» футбол клубы Қазақстан чемпионы атанды

Алматылық «Қайрат» футболдан Қазақстан чемпионы атанды. Биыл УЕФА Чемпиондар лигасына шығып, бүкіл Қазақстанға футбол мерекесін сыйлаған команда бүгін ел біріншілігінде топ жарып, жанкүйерлерін қуантты.

Алматыдағы Орталық стадионда өткен «Қайрат» пен «Астана» арасындағы соңғы турдағы матч 1:1 есебімен аяқталды. 15-минутта «Астана» сапындағы хорватиялық вингер Марин Томасов есеп ашса, 56-минутта «Қайраттың» 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев қарымта гол соқты. Ал «Қайратқа» чемпион болу үшін тең нәтиже жеткілікті болған.

Шешуші голды қазақстандық вундеркинд атанған, Англиялық «Челси» командасының болашақ ойыншысы Дастан Сәтпаевтың соққаны да жанкүйерлерді ерекше әсерге бөлеп жатыр. Осылайша, «Қайрат» қатарынан екінші рет және өз тарихында бесінші мәрте чемпион болды. Алматылық команда келесі жылғы маусымда УЕФА Чемпиондар лигасына тағы қатысып, жарысты алғашқы іріктеу кезеңінен бастайды.

Сондай-ақ, «Қайраттан» кейін тұрған үш команда, яғни елордалық «Астана», қостанайлық «Тобыл», семейлік «Елімай» командалары Конференция лигасына жолдама алды. Семейлік команда Еуропалық турнирлерге алғаш рет қатысқалы тұр.

Тағы бір айта кететін ақпарат: ешқандай легионерсіз ойнаған қызылордалық «Қайсар» командасы 11-орынға тұрақтап, Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Чемпионатқа барлығы 14 команда қатысқан.


Бөлісу