Басты Жаңалықтар Ақтөбедегі демалыс орындардың жобасын студенттер сызды

Ақтөбедегі демалыс орындардың жобасын студенттер сызды

Ақтөбеде сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылған бос жерлер скверге айналады. Ең қызығы, оның жобасын студент жастар дайындап жатыр. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған байқауға ерекше экологиялық жобалар ұсынылған.

Бұл – шаһардың орталық саябағы. Студенттер бұл аумақты одан әрі көркейтуге үлес қосады. Соның бірі «Сіңіргіш қала» жобасы. Яғни жаңбыр суын жинап, оны көгалдандыруға пайдалану жоспарланып отыр.

Райгүл Ғазизова, жоба авторы:

Қазір ол жерде ағаш, ештеңе жоқ. Су ағып кете салады. Ал менің жобамда ол жерде жалпақ жапырақты өсімдіктер ол суды өзіне сіңіріп алады. Яғни су ысырап болмай, өсімдіктің өсуіне септігін тигізеді.

Қаланы абаттандыруға архитектура, ландшафтты дизайн, урбанистика, құрылыс және инженерия саласында оқып жатқан студенттер өз жұмыстарын ұсынып отыр. Олар өздеріне берілген аумақтың эскиздік жобаларын жасап, қала әкімдігіне ұсынды.

Азатбек Қайырбеков, жоба авторы:

Ерекшелігі – барлық территорияны негізгі қолданысқа бердік. Яғни адамдар демалып, отырып, серуен құрып және демалыстарын жайлы өткізуге жағдай істедік.

Қала әкімдігі сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылған бес аумақты саябаққа айналдыруды көздеген. Студенттер ұсынған ең үздің жұмыстар жыл соңында анықталып, жобалық-сметалық құжат дайындалады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақы беріледі. Бұған дейін шаһарды абаттандыруға кәсіпкерлер тартылған еді.

Азамат Бекет, қала әкімі:

Қазіргі кезде 15 саябақ және сквер осы жергілікті демеушілердің көмегімен іске асып жатыр. Олардың кейбірі тапсырылуда. Осы жылдың соңына дейін толық тапсырылады деп сенімдіміз.

Шараға құрылыс компанияларының басшылары мен тәжірибелі архитекторлар арнайы шақырылды. Олар студенттердің жобаларын жоғары бағалап отыр. Жаңа саябақтардың құрылысы келесі жылы басталады.


Бөлісу