Сенат жасанды интеллект туралы заңды Мәжіліске қайтарды
Бүгін Сенатта жасанды интеллект туралы заң қаралды. Бірақ сенаторлар құжатты Мәжіліске кері қайтарды. Депутаттар заңның қандай бабымен келіспей отыр? Қандай тетігін әлі жетілдіру керек деп санайды? Парламенттен Самал Қабышеваның бейнематериалы.
Мәжілісте қабылданған заң жобасы Сенатта сынға түсті. Сенаторлар жасанды интеллект жүйелерінің жауапкершілігі мен сақтандыру тәртібін айқындау қажет дейді. Мысалы, құжатта жасанды интеллект ақпаратты қате түсініп, одан адам зардап шексе, ерікті сақтандыру көзделген. Бірақ оның өзі жетілмеген дейді сенаторлар.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл зардап шеккен тарапты қорғаныссыз қалдырады деген сөз. Сақтандыру шарттарының нақты стандарттары мен тәуекел деңгейлері әзірге толық айқындалмаған.
Заң жобасында жасанды интеллект көмегімен, адамның қатысуынсыз жасалған туындылар авторлық құқықпен қорғалмайды деп жазылған. Бірақ сенаторлар: «Ал егер жасанды интеллект бизнес үшін пайдаланылса, пайда кімге тиесілі? Құқық кімнің қолында?», - деген сұрақ қойды. Олардың айтуынша, әзірлеуші, оператор мен пайдаланушының жауапкершілігі заңда нақты көрсетілуі керек. Яғни, «ақылды жүйе» жасаған дүниенің иесі кім болатыны әлі де талқылауды қажет етеді деді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныстар берді. Алдағы уақытта бұл заңдар цифрландыру саласында Мемлекет басшысы жүктеген нақты міндеттерді орындауға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Енді жасанды интеллект арқылы адамдардың мінез-құлқын, эмоциясын қолдануға, әлеуметтік бағалау жүргізуге, дербес деректерді келісімсіз жинауға тыйым салынады.
Самал Қабышева,
тілші:
Өйткені бұл заң - елдегі цифрландыру үдерісін реттейтін және жасанды интеллектіні қауіпсіз етуге бағытталған алғашқы құқықтық негіз болмақ. Құжатта адамның құқығы мен дербес деректерін қорғау, сондай-ақ қауіпті технологияларды пайдалануға жол бермеу мәселелері қарастырылған. Сенаторлар осы баптарға қатысты түзетулер енгізуді ұсынды. Енді Мәжіліс заңды қайта қарап, жетілдірілген нұсқасын қабылдауы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
