Астанада Ш.Қалдаяқов әндері негізінде түсірілген фильм көрсетілді
Қазақ тілінде алғаш рет джукбокс-мюзикл жанрында түсірілген «Бақыт құшағында» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Туынды Шәмші Қалдаяқовтың әндері негізінде түсірілген. Фильмде сазгердің 13 әні симфониялық оркестр сүйемелдеуімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылады. Түсірілім жұмыстары бір айға созылған. Фильмде бір эпизодта 230 актер қатысқан би көрінісі түсірілсе, қосымша көріністерге 80-ге жуық адам тартылған. Фильмде қоғам үшін маңызды: отбасы институтының беріктігі, анаға құрмет, адалдық пен шынайы қарым-қатынас секілді тақырыптар қозғалған. Фильм 23 қазаннан бастап кинотеатрларда көрсетіле бастайды.
Санат Шапашов, «Бақыт құшағында» фильм-мюзиклының режиссер-продюсері:
Былтыр 1 қазаннан бастап осы сценарийді жазуға кірістік. Мәтін алты айда толық жазылып бітті. Триллер, хоррор, комедия, боевик – бәрі бар. Бірақ біз енді мюзикл ұсынамыз. Мүмкін көрермен осы фильмде өзіне бір терең ой алады. Меніңше, Шәмшінің әндерін бала кезден тыңдап өскен әр қазаққа бұл фильм жақын болары сөзсіз.
Фильмде басты кейіпкер Бақыттың өмірі суреттеледі. Оның арманға жету жолындағы күресі, махаббат дастаны баяндалып, қиындыққа мойымай өз жолын табудың маңызы көрсетіледі. Басты рөлді Дәурен Серғазин, Әлия Әнуарбек секілді актерлер сомдайды. Сондай-ақ олар Шәмшінің бірнеше әнін орындайды.
Дәурен Серғазин, актер:
Ең қиыны – әндерді нақышына келтіріп, бүкіл елге Шәмшінің әндерін орындау. Дәл осы ерекше рөл маған бұйырған екен. Халық қатты сынамайды деп ойлаймын. Ең бастысы, шын жүрекпен, шын ниетпен тырыстық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
