Басты Жаңалықтар Елдегі сүт зауыттарына шикізат жетпей жатыр

Елдегі сүт зауыттарына шикізат жетпей жатыр

Елде сүт зауыттарына шикізат тапшы. Кейбір өндіріс орындары сол үшін де толық жұмыс істеп кете алмай тұр. Мәселен, Қостанай облысындағы кәсіпорынның тәулігіне 35 тонна шикізат қабылдауға қуаты жеткенімен, тек соның жартысын өңдеуге мәжбүр. Әсіресе ірімшік жасау ісі іркіліп тұр.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Қазақстанда қатты ірімшік шығаратын 3 ірі кәсіпорын бар. Оның бірі Қостанай облысындағы Садчиковка ауылында орналасқан. Мұнда оның 12 түрін өндіреді. Жалпы, ірімшік тірі өнім қатарына жатады. Себебі ол сүттегі бактерия арқылы жасалады. Сондықтан шикізаттың сапасы аса маңызды. Онсыз өнім шықпайды.

Бүгінде кәсіпорын шикізатты өздеріне тиесілі екі фермадан алып отыр. Күніне 15 тонна шамасында сүт түседі. Алайда бұл өндіріс қуатының тек 60 пайызы ғана. Ал шикі өнімді өзге фермерлер орта есеппен литрі үшін 200-260 теңге аралығында сатып отыр. 

Ернар Ғалымбек, «Olzha product» ЖШС директоры:

Биологиялық жағынан қатты қараймыз. Соматикасы мен қышқыл бактериялар массасына қараймыз. Бірақ бір-екі ферма ғана сай келеді. Қалғандарының бәрі соматика жағынан сәйкес келмейді. Оның өзі бағасы қолайсыз, бізге қымбат. Олай алатын болсақ, соңғы өнім бағасы өседі. Оны халық бір сәтте сезеді.

Жалпы, өңірде барлығы 14 сүт тауарлы ферма жұмыс істеп тұр. Шикізат тапшылығын шешу үшін соңғы екі жылда 7 нысан салынды. Биыл тағы 5 жоба бойынша 17 млрд теңге қаражат бөлінген. Бүгінде облыс жылына 75 мың тоннадан артық сүт өндіреді. Алайда оның өзі жеткіліксіз. Қостанай қаласындағы биыл бой көтерген ірімшік зауыты толық іске қосылуы үшін тәулігіне 250 тонна сүт керек. Ал өндірістегі желі  жүктемесі әзір тек 20 пайызды құрап отыр.

Сергей Блок, «Milx» ЖШС жетекшісі:

Дәл қазір тапшылық бар. Он шақты ферма ашылса, солардан сүт аламыз деген оймен екінші зауытымызды іске қостық. Бірақ сыртқы нарықпен бәсеке күшейіп келеді. Әсіресе Ресей мен Беларусь елдірімен иық тіресу қиын боп тұр. Себебі олар ірі кәсіпорындар, шикізаты жеткілікті. Бағалары да біздің халыққа тиімді. Сол үшін біз қазір ішкі нарықты толық қамту үшін бар күшімізді салып жатырмыз.

Яғни, отандық өнім бәсекеге қабілетті болуы үшін алдымен бағасы  қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан кәсіпкерлерге шикізат құны тиімді болғаны жөн. Жалпы, елімізде 183 сүт зауыты жылына 2 млн тоннадан артық өнім өндіреді. Алайда әлі де болса 600 мың тоннасы жеткіліксіз.

Азат Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Қазір біздің мақсат – осы 600 тоннаны өндіретін, шығаратын сүт фермаларын салу. Арнайы бағдарлама аштық. Осы бағдарлама арқылы аграршылар 2,5 пайызбен кредит алуға мүмкіндігі бар. Біздің жоспар 3 жыл ішінде 116 өндірістік ферма салу.

Ауыл шаруашылығы министрлігі кешенді жоспар жүзеге асса, ішкі сұранысты толық жабады деп болжап отыр. Оның ішінде ірімшік өндірісіндегі сапалы шикізат мәселесі де шешімін табуы тиіс. 


Бөлісу