Франкфурттегі кітап жәрмеңкесінде қазақтың әдеби мұрасы таныстырылды
Франкфуртте 77-халықаралық кітап жәрмеңкесі ашылды. Әлемдік деңгейдегі маңызды шараға 30-дан астам отандық баспа мен әдебиет саласының өкілдері қатысуда. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен отандық баспагерлер үшін «Қазақстан» деген атпен арнайы стенд ұйымдастырылған. Қазақстандық авторлар мен баспалар көпшілікке тың туындыларын ұсынып, қазақтың бай әдеби мұрасын таныстырды.
Жаһанның 95 мемлекеті қатысып жатқан Франкфурт кітап жәрмеңкесі әлемдегі ең ауқымды көрменің бірі. Оқырман үшін тың туындылармен танысып, әлемдік жауһарлардың авторларымен бетпе-бет кездесуге мүмкіндік. Ал баспагер мен әдеби агенттіктерге өз өнімдерін саудалап, жаңа аудитория, сенімді серіктес табудың таптырмас алаңы. Алыстан-ақ көздің жауын алатын «Қазақстан» стендіне қазақтың бай әдеби мұрасынан сыр шертетін 350-ге жуық еңбек қойылған.
Алмаз Мырзахмет, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі басқармасының басшысы:
Биыл стэндті 70 квадрат метрге орналастырдық. 20-ға тарта танымдық іс шаралар өтіп жатыр. Бұл іс шаралар отандық әдебиетті, баспаларды әлем жұртшылығына ұсынуда жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасады.
Артур Вагандт, неміс жазушысы:
Германияда біз Орталық Азия елдерінің әлеуеті жайлы көп біле бермейміз. Мына Қазақстан стендін тамашалап, тамсанып тұрмын. Қазақ жазушылары, қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне қатысты құнды ақпаратқа қанықтым. Еуропалықтар да осында келіп, Орталық Азия, Қазақстан жайлы танымын кеңейтсе деймін.
Ұлттық стендті көруге келгендерге алдымен «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа Ұлағат» атты құнды еңбек таныстырылды. Жеті тілге аударылған туынды арқылы ұлы ойшылдың рухани-танымдық мұрасы әлемге кеңінен насихатталмақ. Жәрмеңкеде «Көшпенділер ойыны» кітабының да тұсауы кесілді. Шетелдіктер сиясы кеппеген туындыны тамашалап қана қоймай, асық ойнаудан өзара бәсеге түсті.
Қымбат Қараева, «Көшпенділер ойыны» кітабының авторы:
Мұндағы мақсатымыз – көшпенділер өркениетінің әлем жұртшылығына қатысы бар екенін, бір бөлшегі екенін дәлелдеу үшін. Әрі ойындардың тек қана еріккеннің ермегі емес, оның үлкен философиясы тәнді, рухты, денені біріктірген үлкен философияға негізделген ойындардың бар екенін көрсету.
Академик Оразалы Сәбден оқырманға 12 кітабын таныстырды. Ғалымның «Әлем, Түркі өркениеті, Қазақстан және болашақ тұжырымдамасы» атты ғылыми-философиялық туындысы халықаралық қауымдастықтың қызығушылығын туғызды. Жалпы жәрмеңкенің алғашқы екі күнінде отандық авторлар мен баспагерлер төл өнімді шетелге сату, таратуда ынтымақты күшейту бойынша шетелдік әріптестерімен бірқатар келіссөз жүргізді. Қазақстандық делегация өкілдері жексенбіге дейін жалғасатын жәрмеңкеден елге олжалы оралудан үмітті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
