Е.Бейсенбаев: 10 жылда әлеуметтік төлемдер 10 трлн теңгеге артады
Сыртқы сын-қатерлер мен геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты. Бұл туралы ХІІ Азаматтық форумға қатысқан мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді. Айтуынша, бюджетке түсетін кіріс көлемі артып, азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелер толық орындалып жатыр. Бұдан бөлек жиында қандай мәселелер көтерілді? Биылғы форум қалай қорытындыланды? Әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.
Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді. Осылай деген Мемлекет басшысы форум қатысушыларына құттықтау хат жолдады. Оны Президенттің көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді. Президент сөзінде 5 жылда арнайы әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржы екі есеге жуық өскенін жеткізді. Бұл қаражат игі бастамаларды жүзеге асыруға, мұқтаж жандар мен жастарды қолдауға жұмсалып жатқанын жазған.
Азаматтық форумға 700-ден астам делегат қатысты. Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев былтыр ел бюджетінің кірісі 44 млрд доллардан асқанын айтты. Бұл көрші Өзбекстанмен салыстырғанда бір жарым, ал Қырғызстаннан он есе көп. 10 жылда әлеуметтік төлемдер 10 трлн теңгеге артады. Ал жыл соңына дейін өңірлерді дамытуға бюджеттен 7,6 триллион теңге бөлінген.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл Президенттің экономиканы ырықтандыру және әртараптандыру жөніндегі реформаларының арқасында болып отыр. Біз 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыруды көздеп отырмыз. Нақтырақ айтқанда 450 миллиард долларға дейін. Биылғы жылдың тоғыз айында ішкі жалпы өнімнің өсімі 6,3 пайызды құрады. Сарапшылар жыл соңына дейін өсім 6,5 пайызға жетуге толық негіз бар деп есептейді.
Басты міндет – инфляцияны тежеу және жұмыссыздар санын азайту. Депутат Қазақстандағы инфляция деңгейі, біраз елмен салыстырғанда төмен екенін де жеткізді. Жиында үкіметтік емес ұйымдар тұрақты даму, экология, цифрландыру, инклюзия және жастар бастамаларын қолдау бағытында бірқатар ұсыныс айтты. «Медицина жастары» бірлестігінің төрағасы Денсаулық сақтау министрлігі жанынан медицина жастарының қоғамдық кеңесін құруды ұсынды.
Абылайхан Әбдірәш, «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Қазір медицинада бірқатар мәселе бар, әсіресе жастар арасында. Резиденттердің жанайқайы бар медицина саласына деген. Медицинадағы жас мамандардың мәселесі бар, сонымен бірге студенттердің де жанайқайы бар. Түрлі-түрлі мәселелерді жинап, орталықтандырып сол мәселелерді шешуге алдағы уақытта шешуге бағытталған кеңес болады.
Жиында түрлі саладағы қордаланған мәселелер талқыланды. Айтылған пікірлер мен ұсыныстар салалық министрліктерге жолданып, шешу жолы қарастырылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
