Басты Жаңалықтар Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес маңызды шешімдер қабылдады

Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес маңызды шешімдер қабылдады

Бүгіннен бастап инфляция тұрақталғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге тыйым салынады. Энергетика министрлігі, бәсекелестікті қорғау агенттігі және өңір әкімдіктері жанармай бағасының шарықтамауын қадағалайды. Сонымен қатар автокөлік сатып алуға жеңілдіктер қарастырылады. Отандық өндірушілер мен банктер жеңіл автокөлік алуға арналған бағдарламаларды жалғастырады. Бүгін Үкімет Президенттің тапсырмасына сәйкес реформалардың халыққа тигізетін теріс әсерін азайту үшін бірқатар маңызды шешімдер қабылдады.

1 қаңтардан бастап шағын және орта кәсіпкерлерге арналған арнайы салық жүйесіндегі қиындықтар жеңілдетіледі. Микро және шағын кәсіпкерлер салықтық тексерулерден босатылады Қарызын 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін  өтеген бизнесмендердің өсімпұл мен айыппұлдары кешіріледі.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:

ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асып кеткен салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Сондай-ақ салық төлеушілер үшін салық және әділет органдарында камералдық және салықтық тексерулер жүргізбей-ақ, оңайлатылған тәртіппен есептен шығару науқаны өткізіледі. Бұл жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Үкімет «Бәйтерек» холдингіне шағын және орта бизнесті қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ бензин бағасын одан әрі көтеруге тыйым салынады.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Ең алдымен жанармай бағасының көтерілмеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгіннен бастап мораторий жарияланады. Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстарды жүргізуде. Сонымен қатар электр энергиясы, жылу саласындағы тарифтердің де көтерілмеуін қадағалаудамыз. Көмірдің тұрақты бағасын, сондай-ақ теміржол тарифтерін қамтамасыз ету. Жақын арада коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге мораторий жарияланады.

2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін коммуналдық қызмет тарифтері өспейді. Жөндеу жұмыстары уақытында аяқталып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Сонымен бірге азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін ауыл шаруашылығын қаржыландыру екі есеге артады. Осылайша әлеуметтік маңызды өнімдердің бағасын төмендемек.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Аймақтағы комиссиялар негізсіз делдалдарды анықтап, бағаны көтеріп жіберетіндерді алып тастауға ерекше назар аударады. Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ай сайын өңірлерге тікелей сиыр етін жеткізу ұйымдастырылуда. Сонымен қатар отандық өндірушілер және сауда желілерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бөлшек сауда бағасын бекіту жөнінде өндірушімен меморандум жасалады.

Ең маңыздыларының бірі тұрғын үй мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, ипотека несие сомасы екі есеге көбейтілді. Бұл «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылды. Соның арқасында жыл сайын 7 мың әскери қызметкердің отбасы жаңа немесе екінші нарықтан үй ала алады.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы:

Осыған байланысты Үкімет тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылдады. Келешекте халыққа баспана қолжетімді болуы үшін ипотекалық несие көлемі екі есе артты. Қараша айында «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер»  бағдарламалары басталады. Жалпы, 500 млрд теңге көлемінде несие беріледі.

Ал құрылыс компаниялары үш жыл бойы бағаны өзгеріссіз ұстайды.  Премьер-министр Олжас Бектенов бұл реформалар елдің экономикалық тұрақтылығын сақтап, нарықтың дамуына көмектесу үшін жасалып жатқанын айтты. Сонымен бірге Президенттің әрбір адамның өмірін жақсарту туралы тапсырмасы Үкіметтің басты мақсаты екенін атап өтті.


Бөлісу