Басты Жаңалықтар ІІМ: Қылмыстың үштен бірі мас күйде жасалады

ІІМ: Қылмыстың үштен бірі мас күйде жасалады

Ащы судың әлегі азаймай тұр. Қылмыстың үштен бірі мас күйде жасалады. Осы ретте Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ішімдік сату уақытын шектеуді ұсынды. Ал есірткі өнімін тасымалдап ұсталған жастардың арасынан мектеп оқушылары да анықталып жатыр. Зиянды заттармен күрес қалай жүріп жатыр? Ернұр Медет рет-ретімен.

Алкогольдің жеке адамға да, тұтас қоғамға да қауіп төндіретіні белігілі. Соның кесірінен жыл сайын 10 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркеледі. Бүгінде спирттік сусынды онлайн сатып алу да көбейген. Сондықтан Үкімет сағатында ішкі істер министрі ішімдік сату уақытын шектеуді ұсынды.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі Істер министрі:

Біз толық тыйым салуды емес, реттеуді және бақылауды ұсынып отырмыз. Алкоголь арнайы дүкендерде және белгілі бір уақытта ғана сатылуы керек. Түнгі 3-те ішімдік сатып алуға кім барады? Адамдар негізінен бұл уақытта ұйықтап жатады. Мысалы, Қытайда, Бейжіңде түнгі 10-нан кейін ешбір мекеме жұмыс істемейді. Еуропада да солай. Біз жайдан-жай емес, нақты әлемдік тәжірибеге сүйеніп ұсынып отырмыз.

Жыл басынан бері 26 тонна есірткі тәркіленген

Сондай-ақ жыл басынан бері ел аумағынан 26 тонна есірткі тәркіленген. Оның бір тоннадан астамы синтетикалық заттар. Уақыт өткен сайын зиянды ұнтақтың түр-түрі шығуда. Таралу жолы да тиылмай тұр. Соңғы 9 айдың қорытындысында ессіздікке апаратын өнімді тасымалдаған 61 жасөспірім ұсталған. Оның 10-ы мектеп оқушысы.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:

Көбі қалай бұл бірден курьер боп кетті деп таңғалып жатады. Бірақ ол оған бірден келмейді. Тұтынады сосын барып таратуға көшеді. Бұл қоғамды сақтау. Себебі статистикаға қарасақ мектепте бір адам тұтынса ол 5-6 адамға жұғады.

Нашақорлықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүріп жатыр. 16 ұйымдасқан топ, 12 есірткі зертханасы жойылды. Зиянды өнімді жарнамалайтын сайттар жаппай бұғатталып жатыр. Бірақ ең бірінші сырттан келетін қауіптен сақтану керек,-дейді депутат Абзал Құспан.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біз өте үлкен, қазіргі таңда Еуропа мен Азия құрлығын жалғастырушы көпір болып отырмыз. Сондықтан Қазақстанның үстінен бұл жерде үлкен есірткі тасымалы жүретіні анық. Негізі тәртіпті біз шекарадан бастап орнатуымыз керек. Ал ІІМ ол аймаққа кіргеннен кейін барып қана жедел іздестіру шаралары арқылы анықтайды. Ал тәртіп барлық әлемдік тәжірибеде қалыптасқан шекараға орнатады.

Депутат: Қылмыс жасағандардың 80 пайызы жұмыссыз

Жалпы қылмыс жасайтындардың 80 пайызы екі қолға бір күрек таппаған жандар. Сондықтан бірінші осы мәселені шешу керек дейді,-депутат Снежанна Имашева.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қылмыскердің жалпылама белгілері арқылы оның портретін құрастыруға болады. Олардың 80 пайызының жоғары білімі жоқ әрі жұмыссыз. Сондықтан заң бұзуға бейім тұрады. Ал оқыған адамның, айналысар ісі бар адамның заң бұзуы екі талай.

Сондай-ақ ішкі істер саласында маман тапшы. 4500 учаскелік инспектор, 8200 патрульдік полиция жетіспейді. Ержан Сәденовтың айтуынша, қазіргі қызметкерлер өте үлкен жүктемемен жұмыс істейді. 


Бөлісу