Басты Жаңалықтар EXPO 2025 Osaka: Қазақстан павильоны бірінші орынды иеленді

EXPO 2025 Osaka: Қазақстан павильоны бірінші орынды иеленді

Жапонияда EXPO 2025 Osaka көрмесі өз мәресіне жетті. Ауқымды шараға 160 ел мен 9 халықаралық ұйым қатысты. Дүниежүзілік көрме жарты жылға жалғасты. Қазақстан павильоны жеңімпаз атанды.

EXPO Awards марапаттау рәсімінде Қазақстанның алшысы оңынан түсті. «С» санатындағы шағын павильондар арасында біздің елдің экспозициясы бірінші орынды иеленді. «Көрме тақырыбын ашу» номинациясын жеңіп алды. 90 астам елдің ішінен үздік атанды.

Көрме басталған күннен бастап Қазақстан павильоны жапондықтар мен шетелдік туристер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Павильон мазмұны тарихқа, мәдениетке, инновацияға, цифрландыру саласына басымдық беріп, тартымды экспозициясымен ерекшеленді.

Дәулет Еркімбаев, «EXPO 2025 Osaka» көрмесіндегі Қазақстан секциясының бас комиссары:

Басты мақсат - Қазақстанның инновациялық әлеуетін, мәдени байлығын және тұрақты даму саясатын әлемге таныту. Expo 2025- шетелдік инвесторлармен және ғылыми ұйымдармен жаңа серіктестік орнатуға зор мүмкіндік.

Қазақстан павильонын 1,5 миллионға жуық адам тамашалаған. Олардың қатарында ресми делегациялар, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық миссиялар, бизнес, медиа және шығармашылық қауым өкілдері бар. Павильонға Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Димитри Керкентзес ресми сапармен келіп, оның ұйымдастырылу деңгейін, мазмұнын және экспозициялық шешімін жоғары бағалады.

Жапонияда EXPO 2025 Osaka көрмесі жарты жылға жалғасты. 13 сәуір мен 13 қазан аралығында өткен көрмеде әр ел өз жетістігін әлемге паш етті. Ауқымды шараны 28 млн-ға жуық адам тамашалаған.


Бөлісу