Алматы облысында «Таза Қазақстан» шарасы аясында 7 мың ағаш екті
Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Тазалық шарасына 67 мыңнан аса тұрғын қатысып, өңір бойынша 1243 гектар аумақ қоқыстан тазартылды. Барлығы 823 тонна қоқыс жиналып, 7 мың түп ағаш отырғызылды.
Облыс басшысының айтуынша, жыл сайын өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән беріліп келеді. Ағаш егу мен көгалдандыру жұмыстары тек сенбіліктер кезінде емес, жыл бойы жалғасуда. Бұл бастама экологияны жақсартумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға бағытталған.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
Биыл 80 мыңға жуық ағаш егілген болатын осы қалаларда, ауылдарда. Біз жаз айында қара ағаштың тұқымдарын жинадық. Мыңнан аса мешок тұқым жиналып, қазір көптеген ауылдардың төңірегінде, кіреберістерінде олар егілді. Қазір көшеттері шықты. Келесі жылы да осындай жұмыстарды жалғастыратын боламыз.
Ауқымды шараға балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері де атсалысты. Олар ұстаздарымен бірге тал егіп, көшеттерді күтіп-баптау бойынша шеберлік сабағына қатысты. Сенбілік кезінде 134 техника бірлігі жұмылдырылып, өңірдің барлық елді мекенінде тораңғы, үйеңкі, жөке, ерен мен терек көшеттері отырғызылды.
Димаш Қожабеков, облыстық ТҮКШ және абаттандыру басқармасының басшысы:
Мемлекет басшысының қойған мақсаты бар. 2 млрд ағаш пен 15 млн ағашты елді мекендерде отырғызу бойынша. Сол бойынша үлкен Алматы облысында жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның бірі ретінде ағаштардың санын көбейту маңызды. Өйткені экологияға деген септігін тигізеді деген ойдамыз.
Экологиялық бастамаға кәсіпорын қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері мен еріктілер де қатысты. Жыл басынан бері облыс аумағында 200-ден аса сенбілік ұйымдастырылып, 9 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Сонымен қатар 55 саябақ пен 3 мың көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
