Басты Жаңалықтар Алматыда инклюзивті білім беру жөніндегі Дүниежүзілік конгресс өтеді

Алматыда инклюзивті білім беру жөніндегі Дүниежүзілік конгресс өтеді

Алматыда инклюзивті білім беру жөніндегі Дүниежүзілік конгресс өтеді

15–17 қазан аралығында Алматы қаласында инклюзивті білім беру саласындағы ең ірі халықаралық іс-шара – World Inclusion Congress (WIC 2025) Дүниежүзілік конгресі өтеді. Жиын Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Іс-шараның бастамашылары Ұлыбританиядағы International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) және Қазақстандағы «HOPE» (Help Others Pursue Education) қоры.

Конгрессте іс жүзіндегі тәжірибеге, үшжақты тәсілге (педагогикалық инновациялар, технологиялық жетістіктер және корпоративтік серіктестік), сондай-ақ жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізуге ерекше назар аударылады. Оған 40 елден 1200-ден астам делегат қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында министрлер, сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен жетекші университеттердің, зерттеу орталықтарының және EdTech компаниялардың өкілдері бар.

Конгресс аясында «Инклюзивті білім берудегі жаһандық үрдістер: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел, халықаралық ынтымақтастық пен инклюзия саясатының инновацияларына арналған пленарлық сессиялар және үздік тәжірибелер алмасу алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар отандық және шетелдік компаниялардың қатысуымен білім беру, цифрлық технологиялар мен қолжетімді орта қалыптастыру жөніндегі инновациялық көрме ұйымдастырылады.

Іс-шара барысында инклюзивті білім берудің әрі қарай дамуына бағыт беретін маңызды халықаралық құжат – Алматы декларациясының жобасы талқыланады.


 


Бөлісу