Басты Жаңалықтар «Таза Қазақстан»: Ел бойынша 600 мың адам сенбілікке шықты

«Таза Қазақстан»: Ел бойынша 600 мың адам сенбілікке шықты

Кеше елде өткен жалпыхалықтық сенбілік аясында Астанадағы ботаникалық баққа алғаш рет 50 түп тораңғы отырғызылды.

Бұл ағаш қазақ халқы үшін қасиетті. Ата-бабамыз оны төзім мен дала өмірінің символы санаған. Ашаршылық кезінде тораңғының қабығы мен тамырын талғажау еткен. Тораңғы Балқаш маңы, Іле өзенінің бойы, Сырдария мен Шу аңғарларында өседі. Кез келген климатқа төзімді. Тамыры 10–15 метр тереңге кетеді.

Ал Президент Астана қаласындағы Ботаникалық саябақта ерікті және белсенді жастармен бірге тал екті.

Биыл республика аумағында 2 миллион 400 мыңға жуық көшет отырғызылған. Экологиялық акция кезінде Мемлекет басшысы «Jasyl El» ұйымының белсенділеріне алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте қажетті жұмыс. Еліміз бен халқымыз үшін керек іс. Сондықтан сіздерге табыс тілеймін. Істеріңіз сәтті болсын. Ең алдымен, ниетіміз таза болуы керек. Отанымыз үшін қызмет етуге тиіспіз. «Jasyl El» ұйымының жұмысын қолдаймын. Жұмыстарыңыз өзге жастарға өнеге, олар сіздерден үлгі алады.

Нұрасыл Бекматов, «Jasyl El» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі:

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында жасылелдіктер болып, өз үлесімізді қосып жатырмыз. Соңғы екі жылда 70 мың белсендінің қатысуымен 2,5 мың іс-шара өткізілді. 50 мыңға жуық ағаш отырғызылды және 46 мың тонна қоқыс шығарылды.

Сонымен, «Таза Қазақстан» аясындағы кешегі сенбілікке 600 мыңнан астам адам қатысты. 90 мың гектарға жуық территория тазартылды. 180 мың тал, көшет отырғызылды.

Кеше Павлодарды бір түнде ақ ұлпа басты. Қала көшелерін тазалауға 300-ге жуық техника шығарылғанымен, 10–15 см-ге дейін жауған қарды тазалап үлгермей жатты. Қатты аяз жоқ, дегенмен еріген қар қатқаққа айналып, кейбір жол учаскелерін көктайғақ басты.

Бүгін түнде Астанада да аздап қар жауады. Ауа температурасы түнде - 3–5 градус суық, күндіз +3–5 градус жылы болады деп болжайды Қазгидромет. Ал Шымкентте 22–24 градус жылы. Кең байтақ Отаным! - деген осы.


Бөлісу