«Таза Қазақстан» акциясы республика көлемінде өтті
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы ел көлемінде жандана түсті. Бүгін барлық өңірде тұрғындар, түрлі ұйым өкілдері мен белсенділер сенбілікке шығып, өз аумақтарын ретке келтірді. Кей жерлерде өзен мен көл маңайы қоқыстан тазартылса, басқа аймақтарда көшет отырғызылып, жасыл желек жаңарды. Аулалар сыпырылып, арық-атыздар тазартылып, жол жиегі мен саябақтар абаттандырылды.
Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында жалпыұлттық жоба аясында тазалық жұмыстары жалғасын тапты. Сенбілік Түркістан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй ауласында өтті. Оған 120 адам мен 7 техника жұмылдырылып, шамамен 9 тонна қоқыс шығарылды. Аула аумағы толық ретке келді. Сынған орындықтар жөнделіп, кейбірі жаңасына ауыстырылды. Ағаштар қырқылып, арық-атыз қалдықтардан тазарды.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Қолдарында сыпырғы, күрек пен балта. Техника да тынмсыз жұмыс үстінде. Әл-фараби ауданында ұйымдастырылған Таза Қазақстан акциясы кең көлемде өтіп жатыр. Мемлекеттік қызметшілер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар атсалысып, аула сыпырып, қуараған бұтақтарды кесіп, қоқысты шығарды. Бұл тек тазалық емес, бұл экологиялық мәдениетті арттырудың нақты үлгісі.
Экологиялық акция аясында Атырауда Жайық жағалауы қоқыстан тазартылды. Тазалық науқанына облыстық балық инспекциясы мен экология департаментінен 100-ге жуық адам қатысты. Олар 5 шақырымға жуық аумақты қалдықтардан тазартты. Жалпы облыста акция басталғалы 30-дан астам сенбілік өткізілген. Көгалдандыру жұмыстары да қолға алынбақ. Биылғы жылы 59 гектар аумаққа 117 000 дана ағаша отырғызу жоспарланған.
Асқар Жүсіпов, облыстық Экология департаментінің басшысы:
Тек қана осындай іс-шараның барысында мусор жинамай балық аулап отырған адамдарға да экологиялық мәдениетті арттыру, айналадағы қоқыс шашпау туралы шараларды да өткізіп жатырмыз.
Ауқымды сенбілік Түркістанда да ұйымдастырылды. Жалпы, облыс көлемінде оған 35 мыңнан аса тұрғын қатысып, 15 мыңнан аса ағаш көшеті егілді. Экологиялық бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қолдау білдіріп, Түркістандағы «Парасат» саябағы аумағында көшет отырғызды. Аға буын мен зиялы қауым өкілдерімен, жастармен кездесіп, аймақты көгалдандыру, жасыл желекті көбейту маңызды екенін жеткізді.
Ал Оралдағы Шаған өзені жағасындағы саябақта 50 терек егілді. Сондай-ақ, шаһардағы 20 аумақта қоқыс қалдықтары жиналып, мұнтаздай тазартылды. Облыс бойынша экологиялық акция аясында 16 мың түп көшет отырғызылды. Ал жалпы аймақта 20 мың адам күрек-кетпен ұстап, тазалық шарасына қатысты.
Солтүстік Қазақстан облысында эко науқанға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатысты. 250 елді мекенде 10 мың көшет отырғызылды. 23 мың адам Қазақстанның көркейе түсуіне өз үлесін қосты.
Шынар Біләлова, облыстық Мәслихат депутаты:
Бүгінгі күні отырғызылған кішкентай ғана көшет ертеңгі күні үлкен боп өсіп, жан-жағындағы халыққа, қаламызға, көркемдігіне, әсемдігіне соның бауырына келіп, жастардың көлеңкеде отыруына үлкен сеп болады деген үміттеміз.
Өскемендіктер болса Ертістің бойындағы амфитеатрдың маңындағы алаңқайға 100 түп көшет екті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылған шараға жастар орталығы ұйтқы болды. Бұл игі іске қала тұрғындары да атсалысты. Жалпы 2025 жылы шығыста 115 мың түп көшет егу жоспарланса, бүгінге дейін соның 76 мыңы егілді.
Ал Жамбыл жерінде 28 мың түп ағаш отырғызылды. Оның 10 мың көшеті Тараздағы «Қызыл абад» тұрғын алқабына егілді. Тұрғындар 10 гектар «Жасыл белдеу» аумағына аяз бен ыстыққа төзімді қарағаштарды отырғызды. Жалпы аймақтағы акцияға 60 мың адам белсенді қатысты.
Айгерім Бұлтбаева, қала тұрғыны:
Өз үлесімді қостым. Мен бүгін 6 ағаштай егіп кеттім. Негізі адам мен табиғат егіз ұғым. Яғни табиғатымыз керемет болса, адамның өмірі де керемет болады.
Жергілікті тұрғындар мен түрлі сала өкілдері тазалық
жұмыстарында белсенділік танытып, жасыл желекті көбейтуге және халық арасында
экологиялық мәдениетті арттыруға өз үлестерін қосты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы