Басты Жаңалықтар Қаланы абаттандыруға 150 мыңнан аса тұрғын атсалысты

Қаланы абаттандыруға 150 мыңнан аса тұрғын атсалысты

Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі. Бас қалада өткен экологиялық акцияға 150 мыңнан аса тұрғын қатысты. Сенбілікте қала аумағына 11 мың түп ағаш отырғызылып, арық жүйлері мен саябақтар күл-қоқыстан тазартылды.  

«Таза Қазақстан». Бұл жай ғана жалпыұлттық ұран емес. Бұқараның бірлікке шақыратын бастама. Бұған бас қаладағы 4 мыңнан астам кәсіпорын мен түрлі мемлекеттік ұйымның қызметкерлері үн қосты. Олардың қатарында қаламгерлер де бар.

Бауыржан Бабажанұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын:

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері осы әуежайда кетіп бара жатқан жолда 100 ағаш егіп, суарып жатырмыз. Осындай іс-шараға ат салысып жатқанымызға біз де қуанамыз.

Санасы сергек жастар қашан да қоғамның қозғаушы күші. Astana IT University-тінде білім алатын екі жүзге жуық студент тазалық шарасынан шет қалмады. Белсенді буынды оқытушылар құрамы бастап келді.

Анель Құмқай, студент:

Университетімізбен келіп, қоқыстарды жәшіктерге салып, таңғажайып көңіл күйде тұрмын. Мен осы қаламыздың тазалығына үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын.

Қозы Көрпеш Жасаралұлы, тілші:

Таза орта, таза қала қалыптастыру бұл тек мемлекеттің мойнындағы міндет емес. Бұған жұрт болып жұмылу қажет. Сонда ғана көрікті мекен жасай аламыз. Ал таңсәріде басталған екпінді еңбектің нәтижесі осы. Енді жиналған қоқыстар арнайы алаңдарға жөнелтіледі.

Акция аясында тарихи нысандар мен демалыс орындары абаттандырылды. Ал, ботаникалық баққа 150 түп емен, алма, тұранға ағашы отырғызылды.

Қыдырберді Беков, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі аппаратының басшысы:

Ағымдағы жылы республика көлемінде 1200-ге жуық іс-шара өткізілді. Осы акция аясында ағаштар отырғызу, елді мекен аумақтарын тазарту жалғасуда.

Бүгінгі сенбілікте 200 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы, қоршаған ортаға қамқорлық жасау - бұл әрбір азаматтың өмір салтына айналуы тиіс. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының мақсаты да осы.


Бөлісу