Басты Жаңалықтар Олжас Бектенов халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының отырысына қатысушылармен кездесті

Олжас Бектенов халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының отырысына қатысушылармен кездесті

Олжас Бектенов халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының отырысына қатысушылармен кездесті. Жиында тараптар Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту, су ресурстарын бірлесіп басқару жəне өңірлік əріптестікті күшейту жолдарын талқылады. Премьер-министр Қазақстанның бұл қор жұмысына айрықша мəн беретінін атап өтіп, оны су жəне экологиялық мəселелерді шешудегі маңызды құрал ретінде бағалады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының су саласын цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу жөніндегі бастамаларына тоқталды. Себебі су ресурстарын есепке алып мониторинг жүргізудің, автоматтандырылған жүйе енгізудің маңызы жоғары. Биылғы вегетациялық кезең күрделі өткенімен, Қырғызстан, Тəжікстан жəне Өзбекстан үкіметтерімен үйлесімді іс-қимылдың арқасында Арал бассейнінде су тапшылығының алдын алу мүмкіндігі туды. Кездесу барысында Тəжікстан, Өзбекстан жəне Түрікменстан өкілдері де сөз сөйлеп, өз елдерінің ұстанымдарын білдірді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: 

Əр елдің өз ұлттық мүддесі бар, біз оны қашан да қорғауға міндеттіміз. Бірақ біздің ортақ стратегиялық, ұзақмерзімді басым мақсатымыз тату көршілік қарым-қатынас екені сөзсіз. Күнделікті, қысқамерзімді міндеттерді шешуде біз ұзақмерзімді басымдықтарға нұқсан келтірмеуіміз керек. Мəселелерді əрқашан өзара тиімді əрі қолайлы негізде шешу үшін бірлескен шаралар қабылдайтынымызға сенімдімін.
Бөлісу