Жаңа Құрылыс кодексі: Мердігерлерге лицензия беру тәртібі қатаңдатылмақ
Енді жаңадан салынған құрылыс нысанының кепілдік мерзімі 10 жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Яғни, мердігер компания қазіргідей 2 әрі кетсе, 3 жылдық кепілдікпен құтылмайды. 10 жыл бойы салған нысанның құрылысына жауапты болмақ. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Жаңа Құрылыс кодексі мақұлданды. Құжатқа сай тағы қандай жаңа талаптар енгізілмек? Самал Қабышеваның бейнематериалы.
2 сағат 2 минут. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа құжаттың жаңашылдығын түсіндіру үшін Мәжілістің мінберінде осынша уақыт тұрды. Жаңа Құрылыс кодексін әзірлеуге 363 млн теңге бөлінген. Басты талаптардың бірі енді құрылыс компанияларына лицензия беру тәртібі қатаңдайды.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Қазірде салада шамамен 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Алайда талдау нәтижесінде көптеген компания мен лицензиялардың тек қағаз жүзінде ғана бар екені анықталды. Олардың басым бөлігінде өндірістік база да, білікті инженерлер де, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі де жоқ. Аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара біріккен лицензиаттардың электрондық тізілімі құрылады.
Ол берілген барлық рұқсатты қайта қарап, заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Сәйкес келмейтін компаниялар тізімге енбейді. Адами фактор азаяды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Кодекстегі тағы бір маңызды мәселе - жекеменшік компаниялардың құзіреті шектеледі.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әр жеке компания өздері экспертиза жасайды, өздері жоспарлау жасайды. Сондай талан-тараж шығарған. Барлық экспертизаның 86 пайызы жекенің қолына кетіп қалған. Біз мемлекеттік бақылауды қайтадан орнына келтірдік, енді 40 пайызға дейін, әсіресе 5 қабаттан жоғары мектептер, ауруханаларды мемлекеттік экспертизадан шығарамыз. Өйтпесек болмайды. Кепіл мәселесін 10 жылға дейін көтеріп жатырмыз. Адамдар пәтер алады, 2 жылдан кейін бұзылып жатыр, мектептер бұзылып жатыр. Біз талап қойдық, 10 жыл болуы керек.
Сондай-ақ мемлекет те құрылыс сапасына жауапты болады. Сейсмикалық қаупі жоғары аймақтарға құрылыс жүргізуге тыйым салынады. Құрылыс саласы толықтай цифрландырылады. Нысанды салудан бастап, сүруге дейінгі процестер ақпараттық жүйе арқылы іске асады.
Самал Қабышева, тілші:
Енді әрбір құрылыс нысанына бірегей нөмір беріледі. Әр адамға берілетін ЖСН сынды. Сала министрінің айтуынша, бұл құрылыс нысанын толықтай бақылауға жол ашады. Яғни, мердігер компания өзіне қатысты қандай да бір мәліметті өзгертсе де, бірегей нөмірде бастапқы тарихы сақталады. Барлығы цифрлық жүйе арқылы бақыланады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
