Басты Жаңалықтар 500 мың теңгеден астам ақша аударғандардан ЖСН талап етілмек

500 мың теңгеден астам ақша аударғандардан ЖСН талап етілмек

Енді 500 мың теңгеден астам ақша аударғандар жеке сәйкестендіру номерін енгізуге міндеттелуі мүмкін. Бүгін Үкімет отырысында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, енді банк картасына аударатын қаражат 500 мың теңгеден асқан жағдайда жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуі керек. Бұл қадам қаржы операцияларының ашықтығы мен қауіпсіздігі үшін қолға алынбақ. Сонымен қатар жаңа жылдан бастап банктер банкоматтардың бейнебақылау камераларындағы жазбаларды 180 күн сақтауға міндеттеледі. Бұл күмәнді ақша аударымдарын жасайтын тұлғаларды тез анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары онлай-казиноны жарнамалайтын блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Қайрат Бижанов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары:

Көп жазылушысы бар блогерлер арасында онлайн казиноны жарнамалау кең тарауда. Қоғамда құмар ойынға тәуелділік белең алуда. Бұл үшін нақты жауапкершіліктің болмауы жағдайды қиындатып отыр. Әкімшілік айыппұл жарнамадан түскен табысына мүлде сәйкес келмейді. Сондықтан онлайн-казиноны жарнамалайтын блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынамын.


Бөлісу