Басты Жаңалықтар Димаш әлемнің әйгілі сахнасы Madison Square Garden-де өнер көрсетті

Димаш әлемнің әйгілі сахнасы Madison Square Garden-де өнер көрсетті

Димаш Құдайберген дүние жүзіне әйгілі сахна Madison Square Garden-де өнер көрсетті. Әншінің Нью-Йорктегі кешіне әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлері жиналды. ТМД әншілерінің арасында алғаш болып атақты сахнада жеке концертін берген қазақстандық жұлдыздың шығармашылық кешінен меншікті тілшіміз толықтырсын.

Димаш араға алты жыл салып АҚШ-қа келді. Әлем жұлдыздары үшін арман болған сахнада жеке концертін беру үшін жетті. Санаулы жылда оның өнеріне тәнті америкалықтардың қатары еселеп артқанын аңғару қиын емес.  20 мың орындық стадион көрерменге лық толды. Көбі бұл күнді асыға күткендерін айтады.

Бұл  қазақты, қазақтың өнері мен мәдениетін әлем жұртына паш еткен кеш болды. Күллі көрермен Димашпен бірге Әнұранды орындап, қара домбыраның күмбіріне бойлап, халық әндерін шырқады. Әсіресе «Тау ішінде» әніне елітпеген жан кемде-кем. Димаш жаңа әнін де таныстарды.

Димаш Құдайберген, әнші:

Дәл қазір осы тұрғанда мен қарапайым қазақтың арман қуған, Ақтөбе қаласында туып өскен кішкентай ғана бала едім. Ер жеттім, жігіт болдым. Дей тұрғанмен дәл бүгінгі күні әлемдегі ең бірінші, танымалдылығы жағынан, №1 стадион болып саналатын Madison Square Garden-де қазақша әнімізді, қазақ тілімізді насихаттап, оның үстіне жергілікті көрерменге әлемнің түкпір-түкпірінен келген халық біздің тілге, біздің өнерге қошеметін көрсетеді дегенді кезіндегі Димашқа айтса мен сенбес едім. Барлығы сіздердің тілектеріңіздің, дұғаларыңыздың, сіздердің мені осы күнге дейін кем-кетігіме көз жұмып, нұрымды тасытып, шашбауымды көтеріп, қолдап келе жатқандарыңыздың арқасында деп білемін. Сол себептен барлықтарыңызға мың мәрте рахмет.

Кеш көрерменнің көңілінен шыққанны даусыз. Үш сағат әп-сәтте өтіп кеткенін байқамай қалдық дейді бізге сұхбат берген жанкүйерлері.

Эрик, тыңдарман:

«Стрейнжер» деген әнді ерекше ұнаттым. Димаш сахнада барын салды. Өнеріне осынша беріліп, тыңдарманды бірден баурап алатын әншіні бұрын көрмеппін. Оны сипаттауға сөзім жетпейді. Үй-ішімізбен Димаш енді АҚШ-қа келсе, концертіне қалмай барамыз деп серт бердік. Сонау Милуоки штатынан арнайы келіп отырмыз.

Джонатан, тыңдарман:

Концерт тамаша өтті. Оның сахнада өзін ұстауы, ән айту мәнері ерекше. Адамды баурап алады. Тіпті қазақша ән айтып кеттік. Ол орындаған әрбір әннің өз сиқыры мен сыры бардай. Бәрі керемет болды.

Осылайша әншінің биылғы шетелдік гостролдік туры АҚШ-тан басталды. Ал екі күннен соң Мексикада өнер көрсетеді. Одан кейін қазақтандық әншіні Испания, Ұлыбритания, Германия және Латвиядағы жанкүйерлері асыға күтіп отыр.


Бөлісу