Басты Жаңалықтар Қызылордада «Таза Қазақстан» роуд-эстафетасы мәресіне жетті

Қызылордада «Таза Қазақстан» роуд-эстафетасы мәресіне жетті

«Таза Қазақстан» роуд-эстафетасы Қызылордада мәресіне жетті. Алматыдан басталған ауқымды экоакция 1200 шақырымға созылды. «Amanat» партиясының игі бастамасына 3 мыңдай адам қатысып, жол бойынан 150 тонна қоқыс жиналды.

Тазалық эстафетасын Сыр өңірі Түркістан облысынан қабылдап алып, әуелі Жаңақорған, Шиелі аудандарының аумағында жалғасты. Күрежолдың бойында жатқан көне шаһар Сығанақ, Оқшы ата кесенесінің айналасы тазартылды. Ал партияның «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері «Open Air» форматында түрлі шара өткізді.   

Әсетхан Баймұрза, «Жастар рухы» ЖҚ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:

Тарихи-мәдени ескерткіштерді вандализмнен қорғау мақсатында осындай түрлі форматта кездесулер өтті. Чемпиондық рух жобалары жүзеге асты. Жастармен кездесулер өтті. Еліміздегі жастарға серпіліс берді. Айналамызды таза ұстауға, үгіт-насихат айтылды.

Соңғы 120 шақырым Шиелі мен Қызылорда аралығын құрады. Еріктілер мен экобелсенділер партия жастарымен бірге тазалық марафонына Парламент Мәжілісінің депутаттары да атсалысты. Ал эстафета Қызылорданың кіреберіс қақпасында мәресіне жетті.

Ақерке Ескендірова, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы:

Жалпы, бір апта ішінде 1200 шақырым жолды жүріп өттік. 4 облыс 1 қала, барлығы қамтылғаны 15 аудан. Бір апта ішінде біз 150 тоннаға жуық қоқыс жинадық.

 «Таза Қазақстан» экоакциясы аясындағы ең ұзақ тазалық эстафетасына қатысушылар қоршаған ортаны қорғауға үлес қосқаны үшін марапатталды. Ал қанша күннен бері жиналған қоқыстар қайта өңдеуге жөнелтілді.



Бөлісу