«Мұғалім блогер де, күзетші де емес»: Заңға жаңа түзетулер енгізілмек
Дүйсенбіде Оқу-ағарту министрі лауазымынан Ғ. Бейсенбаев босатылып, бұл қызметке Мәжіліс депутаты болып жүрген Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Оқушылар озық технологияны оқуда тиімді пайдалана білгені жөн. Бұл – ұстаздарға да қатысты мәселе. Мұғалімдер заманауи дағдыларды жетік меңгеруі қажет. Жасанды интеллектіні білім саласында кеңінен пайдаланған абзал. Цифрлық ел болу – бір күннің шаруасы емес. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – мектептен бастап түбегейлі жаңа тәсілмен жұмыс істеу деген сөз.
Татьяна Құдайбергенова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Жасанды интеллектінің, әсіресе, тіл үйренуге деген көмегі зор деп ойлаймын. Себебі оқушылармен жұмыс жасаған кезде мәтін аудару керек болады. Жасанды интеллекті мәтінді аударып береді. Дегенмен ол аударған мәтінге оқушылар тағы да өздері өзгерістер енгізеді. Қатесі сирек кездеседі, бірақ бар. Соны оқушылар өздері тауып, тапқан қателеріне өздері мәз болады ғой. Түсінесіз бе?
Ләззат Төлепова, Атырау облыстық арнайы мектеп-интернатының директоры:
Білім саласындағы адал еңбегімізді бағалап, жастарды тәрбиелеуде, сапалы білім берудегі қажырлы еңбегімізді жоғары бағалап, керемет шара ұйымдастырылды.
Гүлмира Шералхан, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:Мамандығымды адаспай табуға жол көрсеткен менің ұстазым Махамбеталиева Зәуреш Махамбетәліқызы. Сол ұстазымның ізімен жүріп, бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан осындай марапат алып отырмыз.
Енді бағдарлама басында хабарлаған жаңалыққа тоқталсақ: Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асқат Аймағамбетов телеграмдағы парағында «Педагог мәртебесі туралы» заңға түзетулер әзірлеп, Үкіметке жолдағандарын жазды. Үзінді келтіреміз.
Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. Оның басты жұмысы – баланы оқыту. Қандай өзгерістер бар?
Есеппен күрес. Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыру.
Сонымен қатар «Күнделік» немесе басқа да жүйенің біреуіне енгізілген есеп жетеді.
-
Әлеуметтік желілерге пост жазуға мәжбүрлемеу. Чаттар мен хабарламалар – тек ресми LMS жүйелері мен электронды поштада. Мұғалім тәулік бойы чаттарда арпалысып отыратын модератор емес.
-
Жауапкершіліктің айқын шегі. Мектептен тыс жағдайға мұғалім жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес.
Бұған қоса, біз «Мұғалімге тән емес функциялар» деген түсінікті заңда алғаш рет анық жаздық. Сонда нақты қорғану оңайырақ болады. Ол – заңдар мен еңбек туралы келісімшартта көрсетілмеген жұмыстың бәрі.
Сонымен бірге мектеп пен ата-ана арасында келісімшарт жасалады. Ал педагог мәртебесін бұзу деректері бойынша айыппұлдар күрт өседі.
«Құттықтаймыз. Қорғаймыз. Заңмен бекітеміз», – деп аяқтаған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
