Оқушылардың ынтасы – дерттің шипасы
Астанадағы мектептердің бірінде 10-ға жуық ерекше қажеттіліктері бар мұғалім еңбек етіп жүр. Олар денсаулығына байланысты қиындық көргенімен, шәкірт тәрбиелеуден жалыққан емес. Қиындыққа мойымай, әр балаға өмір жолын көрсетіп жүрген жандар жайлы әріптесім Асылбек Данияр баяндайды.
30 жылдан аса шәкірт тәрбиелеп келе жатқан, химия-биология және жаратылыстану пәнінің мұғалімі – Дина Жаңбыршина. Оған 25 жыл бұрын «ревматоидты артрит» диагнозы қойылған. Екінші топ мүгедегі. Буындары ауырып, жүріп-тұруы қиын болса да, ұстаздық еткеннен жалыққан емес. Өзі: «оқушыларымның ынтасы - дертімнің шипасы», - дейді.
Дина Жаңбыршина, Химия-биология пәнінің мұғалімі:
Үйде жатып, жұмысқа шықпасаң, ауыра бересің. Ал жұмысқа барасың деп ойласаң, жиналу керек болады. Жұмыс істемесем, мүмкін жатып қалатын шығармын деп ойлаймын. Мектепке дайындаласың, ол кезде ойың ауруға емес, сабаққа кетеді. Оқушыларға сабақ берген соң, сабақ жақсы өткенде балалардың көзінен жанған отты көресің, сұрақ-жауап кезінде шабыт аласың.
Ал Жанаргүл Оразованың педагогтік жолы 1988 жылы басталған. Ол үшінші топтағы мүгедек. Дәрігерлер қателігінен бала кезінен жүріс-тұрысында қиындық бар. Десе де, мұғалім балалардың білімі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі.
Жанаргүл Оразова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Адамзатқа пайдамды тигізіп, балаларға білім беруді армандадым. Мұғалімдікті таңдаған себебім – балаларды жақсы көруім. Мен туғаннан үшінші топтағы мүгедекпін. Бірақ мектепке кірген сәтте бәрін ұмытып, балаларға білім бергенде өз ауруың да естен шығады.
Жалпы №32 мектепте 11 ерекше санаттағы қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 8 педагог бар. Білім ордасының басшысы денсаулығында ерекшелігі бар ұстаздар үшін барлық жағдай жасалған, дейді.
Гүлшат Байтас, № 32 мектеп-гимназиясының директоры:
Барынша қолдау көрсетеміз. Сабақ кестесін реттеп, бір ауысымға қойып, соңғы сабақтарға қалдырмаймыз. Жоғары қабатқа көтерілмей, төменгі қабаттарда сабақ өткізуге жағдай жасаймыз. Яғни олардың артық жүрісіне жол бермей, барлық мүмкіндік жасаймыз.
Өмір сынағына мойымай, балаға білім берген әрбір ұстаздың еңбегі – ерлікпен пара-пар. Олардың мұндай табандылығы бүкіл қоғам үшін үлгі-өнеге.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
