«Taza Qazaqstan» road-эстафетасы Түркістан облысында жалғасты
«Taza Qazaqstan» Road-эстафетасы бүгін Түркістан облысында жалғасты. Amanat партиясы бастамашы болған шара эко белсенділерді бір арнаға тоғыстырды. Табиғат жанашырлары кешеден бері Түлкібас, Сайрам, Ордабасы аудандарындағы күре жолдың бойын тазартып, ескерткіштердің аумағын ретке келтірді.
Табиғат жанашырларын түлкібастық өнерпаздар осылай әнмен қарсы алды. Мәслихат депутаттары, партия мүшелері және белсенділер бар топқа жергілікті тұрғындар мен жастар да қосылды. Бәрі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолы бойын қоқыстан тазалады, Түлкібас пен Сайрам аудандарының арасындағы жол мен автотұрақтар да назардан тыс қалмады. Жастар тұрмыстық қалдықты бірден жүк көлігіне тиеп, қоқыс полигонына жеткізді.
Ақерке Ескендірова, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
Жалпы Road-эстафетаның бағдарламасында тек қана қоқыс тазалау емес, ол жастармен, тұрғындармен кездесіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізу. Түрлі экобайқаулар, шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Алматы облысынан бастау алған эко шараға мыңдаған азамат қатысып, тазалықты өмір салтына айналдыруға күш біріктірді. Олар табиғатқа қамқорлық көрсетуді және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға үндейді.
Жансерік Жұман, «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының төрағасы:
Жол бойындағы тарихи-мәдени орындар тазаланды. Сонымен қатар жолдың бойындағы қоқыстарды арнайы бөлініс бойынша жинап, арнайы көліктерге артып отырмыз. Жалпы жастардың жігерлігі, тазалыққа деген ниеті қатты білінуде.
Эстафетаға қатысушылар сондай-ақ, Машат асуының биігінде орналасқан Сиқым баба кесенесіне және Ордабасы ауданындағы Бірлік монументінде аялдап, ол аумақтарды да ретке келтірді. Алматыдан басталған ауқымды шараға Мәжіліс депутаттары да үн қосты. Халық қалаулылары Төрткөл ауылының тұрғындарын мазалаған мәселелермен танысты. Жұртшлықпен тілдесті.
Хасен Әділбеков, Төрткөл ауылының тұрғыны:
Ауылда бізде бітпей жатқан көшелер бар. Сол көшелерді асфальттап беруін сұрадық. Жолымызды жөндеп береміз деді. Биылдан қалдырмай жол жөндеуден өтеді деді.
Республикалық
эстафета ертең Түркістан облысының Сауран ауданында жалғасып, Қызылорда
облыстарын қамтиды. Яғни еріктілер 1200 шақырым жол жүреді. 10-ға жуық кемпингте, 15 елді мекенде және 3
қалада тазалық шараларына атсалысады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
