Басты Жаңалықтар Президент Қарағанды облысының әкімін қабылдады

Президент Қарағанды облысының әкімін қабылдады

Қарағанды облысында өткен 8 айда 3,2 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Оң өзгеріс металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібінде байқалады. Бұл туралы Президент қабылдауында болған өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты. Сонымен бірге, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 11,1 пайызға өскені туралы баяндады. 

Биыл облыста 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, үш мыңдай жаңа жұмыс орны ашылған. Алдағы үш жылға арналған тағы 120 ірі жобаның пулы жасақталды деді. Бұл бастамалар 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Ермағанбет Бөлекпаев азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайтуға бағытталған жұмыстары жөнінде есеп берді. Бұдан бөлек, «Qarmet» компаниясын жаңғырту жайы да сөз болды. Қазір шахталардағы жағдай да оң нәтиже көрсете бастапты: көмір өндіру көлемі 15 пайызға артқан. Еңбек қауіпсіздігін күшейтуге арналған іс-шаралар қолға алынған. Кездесу соңында Мемлекет басшысы кәсіпорындағы өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және облысты жылумен тұрақты қамту міндетін жүктеді. Өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

Компания жоспарға сәйкес, модернизация жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Президентке алдағы жылыту маусымына дайындық және егін науқаны жөнінде есеп бердім. Бүгінде күзгі науқан аяқталуға жақын. Мемлекет басшысы егін ору жұмысын уақытылы аяқтап, жылыту маусымын тұрақты өткізуді тапсырды. Бұдан бөлек, кездесу қорытындысы бойынша Президент «Таза Қазақстан» бағдарламасы және «Адал азамат» тұжырымдамасы бойынша нақты тапсырмалар берді.


Бөлісу