Басты Жаңалықтар Ұстаздар әулетінің еңбек өтілі –330 жыл

Ұстаздар әулетінің еңбек өтілі –330 жыл

Батыс Қазақстан облысында ұстаздық еңбек өтілі 330 жылға жуықтаған еңбек әулеті тұрады.

Ұстаздық етуден жалықпаған Хайдаровтар отбасында 15 мұғалім бар. Әулеттің үлкені – Есболсын Хайдаров математика пәнінің мұғалімі болған. Жұбайы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі - Әлия Есалиевамен бірге Сырым ауданы Жетікөл ауылындағы мектепте ұзақ жыл еңбек еткен. 42 жылдық ұстаздық тәжірибесі бар. Екі бала-келіні мен қызы да ұстаздық жолды таңдаған. Ауылдағы мектеп пен колледжде шәкірт тәрбиелейді. Сала ардагерінің інісінің ұл-қыздары, немере-жиендері де мұғалім. Солардың бірі - Есболат Тілекқабылұлы жеке мектепте сабақ береді. “Ұстаз ұлтты тәрбиелейді”. Шәкірттерінің жетістікке жетіп, ұмытпай, хабарласып тұруы – ұстаз үшін үлкен мерей. Тәжірибелі мұғалімдердің жас мамандарға айтары бар.

Есболсын Хайдаров, сала ардагері:

Ынтымақтастық педагогикасы деген бар. Бала мен мұғалім түсінісіп жұмыс істеуі керек деп ойлаймыз. Мұғалімге, ең бастысы, сабырлылық керек. Және мұғалім деген әртүрлі мамандық иесі болғаны жөн деп ойлаймын. Еңбек болсын, ән-күй болсын, спорт, қоғамдық жұмыс болсын – осының бәрі мұғалімнің бойынан табылып, белсене қатысуы керек деп ойлаймын.

Әлия Есалиева, сала ардагері:

Жалпы тәрбиеде, меніңше, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру керек деп ойлаймын балалар. “Ұлың тәрбиелі болса – ұрпағың тәрбиелі, қызың тәрбиелі болса, ұлтың тәрбиелі болады” деген сөз бар. Соны ешқашан ұмытпауымыз керек. Білім мен тәрбие егіз.


Бөлісу