Басты Жаңалықтар Жол жиегінен 60 тонна қоқыс жиналды

Жол жиегінен 60 тонна қоқыс жиналды

Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы автодәліз бойынан 60 тонна қоқыс жиналды. «Taza Qazaqstan» Road-эстафетасына қатысушылар 2 күннен бері аймақтағы жол жиектерін қоқыстан арылтып келеді. Енді табиғат жанашырлары Түркістан бағытына бет алды.

Апта басында Алматыдан Жамбыл облысына келген эко-белсенділер Қордай маңын қоқыстан арылтып, Тұрар Рысқұлов ауданы тас жолын тазалаған еді. Ал бүгін Жуалы жеріне жетті. 50-ге жуық ерікті Айша бибі мен Бауыржан Момышұлы ауылдарының арасын тазалады.

Ерғали Әбуғали, облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:

30 қыркүйектен басталған тазалық жұмысы Қордай ауданының Алматы облысымен шекаралас аймағынан басталып әр ауданнан 50-ге жуық тұрғын бар, жастар шығып, осы маңызы бар автожолдың шетін тазалық жұмыстарын жүргізіп келе жатырмыз. Жалпы мұндағы мақсатымыз айналамызды, жерімізді, отанымызды таза ұстау.

Жол жиегінде жайраған қалдықтар мен көлік бөлшектеріне көз сүрінеді. Өйткені «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолымен тәулігіне 25 мыңнан аса көлік қатынайды. Ал айналаның тазалығына атүсті қарайтындар тұрмыстық қалдықтарды көлік терезесінен де тастай берген. Сондықтан тазартылуы тиіс аумақтарға өңірдің 6 ауданы мен Тараз қаласы кірді.

Рауан Сапарбай, белсенді жас:

Осындай жобаның басталғанына қуаныштымыз. Біз бұл сәтте «Жастар рухы» жастар қанаты эстафетаға белсене қатысып, бей-жай қарап қалмаймыз. Бүгін Шақпақ атаға дейінгі аралықты тазалап өтетін боламыз. Бұл тек қана науқандық жоба емес, бұл нағыз қызып жатқан, қайнап жатқан жұмыс.

Табиғат жанашырлары тек тазалық жұмысымен шектелмей, Жуалы жастарымен де жүздесті. Жан-жақтан жиналған өрендерге акцияның маңызын түсіндірді. Патриоттық рухты көтеру мақсатында ауданындағы Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртаза мұражайларын аралады. Осымен белсенділердің аудандағы сапары аяқталып, әрі қарай Түркістан облысына бет алды.


Бөлісу