Басты Жаңалықтар Ақмоланың үздік механизаторы жылына 15 мың га жер өңдейді

Ақмоланың үздік механизаторы жылына 15 мың га жер өңдейді

Жылына 15 мыңға жуық гектар жерді өңдейтін ақмолалық механизатор Жангелді Күлсейітов бірнеше жыл қатарынан Жақсы ауданының үздік комбайншысы атанып келеді.

Жангелді Күлсейітов өзінің еңбекқорлығының арқасында тұтас аудан мақтанышына айналып отыр. Тәжірибелі механизатордың ауыр техниканы басқарып, жер ырысын ел ырысына айналдыру бағытында еңбектеніп келе жатқанына 24 жыл болды. Заманауи Джондир комбайнына 2017 жылы отырған.

Жангелді Күлсейітов, механизатор:

Жұмысым өзіме ұнайды. Бала кезден қызығатынбыз техникаға. Сол қызығушылықпен еңбек етіп жатырмыз. ТОО «Айбатта» істеймін, 2009 жылдан бері. Қысы-жазы жұмысымыз бар. Айлығымыз жақсы, миллионнан асады. 

Бір жылда 15 мың гектар жерді өңдеу көп еңбекті талап етеді. Оның ішінде жер жырту, егін егу, тыңайтқыш сіңіру және өскен өнімді ору бар. Биылғы күзгі науқанның өзінде ол 4 мың тонна дәнді-дақылды орып, қамбаға түсірді.

Болатбек Райымбеков, механизатор:

Жангелді бізді алға бастайтын үздік комбайншымыз. Мен онымен 2013 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Өзім комбайнға 16 жастан отырсам да, көп нәрсені одан үйрендім. Бір шепте 5 комбайншымыз, басшымыз Жангелді. Сондықтан оның рациямен айтқан нұсқауларын бұлтартпай орындаймыз. Ол жақсы дос, 4 баланың әкесі, адамгершілігі зор азамат.

Биыл Жақсы ауданының диқандары 477 мың гектар жерге бидай, 14 мың гектар жерге майлы дақылдар еккен. Бүгінде оның 70 пайызға жуығы орылып, қамбаға түсті.

Аслан Хасенов, Жақсы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

Бүгінде егістік алқабының 331 мың гектары орылса, 477 мың тонна дәнді-дақыл жиналды. Орақ науқанына 496 комбайн тартылды. Аудан бойынша орташа өнімділік гектарына 14 жарым центнерді құрап отыр. Ауа райы қолайлы болса, алдағы 10 күнде орақ науқанын толық аяқтаймыз.

Дала төсінде қызу еңбекпен жүретін механизаторлардың еңбегі қай мезгілде болсын бағалы. Егін егіп, өңір экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жандар нағыз еңбек адамдары.


Бөлісу