Басты Жаңалықтар Талдықорғанда алты мұғалім шыққан әулет тұрады

Талдықорғанда алты мұғалім шыққан әулет тұрады

Талдықорғандық Мықтыбаевтар отбасы білім беру саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Бұл әулеттен 6 мұғалім шыққан. Олардың педагогикалық жалпы еңбек өтілі бір ғасырға жуықтаған. Ұстаздықты өмірлік жол еткен мұғалімдер династиясымен әріптесіміз танысып қайтты.

Антонина Мықтыбаеваның ұлты кәріс. 11 жыл бойы физика пәнінен қазақ сыныбына дәріс беріп келеді. Әрі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Ол өз отбасынан шыққан бесінші мұғалім. Жауапкершілігі мол мамандықты таңдауына анасы Ольга Александровна себеп болған. Әкесі Владимир Семенович те кейінгі бес жылын білім беру саласына арнапты.

Антонина Мықтыбаева, физика пәнінің мұғалімі:

Анам мұғалім. Сол кісінің жолын қуайын деп. Сол кісінің алған білімін мен де алғым келді, сіңіргім келді.Сол себепті осы жолға келдім. Сол кісілерге қарап, біз де бір үлгілі отбасы боламыз ба деп жақсы жағынан қарадым.

Антонина Мықтыбаеваның әпкесі мен жездесі де ерлі зайыпты ұстаздар. Олар Қонаев қаласындағы білім ордасында қызмет етеді. Ал өмірлік серігі Аманжол Мықтыбаев көркем еңбек пәнінің мұғалімі. 

Аманжол Мықтыбаев, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

Әйеліммен 2012 жылы таныстық. Көркем еңбек пәнінен 2015 жылдан бері 10 жыл болды істеп келе жатқаныма. Көркем еңбек баулу арқылы  оқушылар білімнен бөлек еңбек, нан табуды үйренеді.

Ерлі-зайыпты Мықтыбаевтардың жұмысқа адалдығы мен адамға деген сыйластығын әріптестері жоғары бағалайды. Антонино Мықтыбаеваның ұлты кәріс болғанымен, қазақ сыныбына сабақ беруін ұлтымызға деген құрмет деп біледі.

Баян Жаңабаева, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Біздің мектепке ауысқанына екі-ақ ай болды. Оқушыларға да, бізге де өздерін көрсете білді. Ұлты басқа болса да ұраны бір, тілі басқа болса да тілегі бір деген сөзге нағыз лайық жан.
Ерлі-зайыпты мұғалімдер бүгінде бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Ұстаздықты ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп келе жатқан отбасы балаларының да ата жолын жалғағанын қалайды.
Бөлісу