Күніне 6 шақырым жүгіретін 84 жастағы кейуана
Бүгін - Халықаралық қарттар күні. Елімізде денсаулығы мықты, ақыл-ойы сергек қариялардың қатары көп. Тіпті жасы сексеннен асса да күніне алты 6 шақырым жүгіретін спортшы әжелер де бар. Біз Жетісу облысы Панфилов ауданының тұрғыны Бақтыбала Қасымова жайлы айтып отырмыз. Кейуана күнделікті жүгіруді әдетке айналдырған. Салауатты өмір салтын ұстанғанына 35 жыл болыпты
Бақтыбала Қасымова таңмен таласа тұрып, ауыл сыртындағы жотаға жүгіріп шығады. Сексеннің сеңгірінен асса да, күнделікті 20-25 рет отырып-тұру жаттығуын еш қиналмай жасайды. Ал қозғалысты тоқтатсам ауырып қаламын, дейді кейуана.
Бақтыбала Қасымова, Алтын алқа иегері:
Жүгірмесем, қимылдамасам, ауырып қаламын, тіпті тұра алмай қалуым мүмкін. Балалар «жүгірме, қасқыр бар, шибөрі бар» дейді. Бірақ мен мән бермей жүгіре беремін. Өйткені бұл – өз денсаулығым үшін. Мен сияқты 85-ке келген адам аз. Бір-екі адам бар, олар таяқпен әрең жүреді, ал мен олардың қасында жүгіріп өтемін. Ұмтылу керек, ниет ету керек. Бұрын 50 рет отырып-тұратынмын, қазір кілем болмаған соң 20–25 рет жасаймын.
Жетісулық әже 20 жылдан аса балабақша меңгерушісі болып еңбек еткен. Өз ұжымымен бірге ол бүлдіршіндерді де еңбекке, білімге баулыды. Бала тәрбиелеу арқылы Бақтыбала апа бір отбасының емес, тұтас ауылдың ардақты анасына айналды.
Кенжегүл Баймұқашева, балабақша тәрбиешісі:
Бұл ауылдағы орта және аға буынның бәрі сол кісінің тәрбиесін көрді. Біз де сол жолды жалғап, балаларға тәрбие беріп келеміз. Қазір мұнда 60 баламыз, үш топ пен бірнеше қызметкеріміз бар. Барлығымыз бір ұжым болып еңбек етіп жатырмыз.
Бүгінде бұл істі Бақтыбала апаның қызы мен келіндері жалғастырып жатыр. Ал өзі әжелер ансамблінің құрамында мәдени шараларға қатысып, ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласады.
Қуандық Әшіржанов, Талды ауылдық округінің әкімі:
Ол кісі бүкіл ауыл жастарына, жас келіндерге өнеге көрсетіп, білгенін үйретіп жүрген ақылгөй апамыз. Салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, қазақтың қолөнерін де қолдап, дәріптеп отырған асыл жан.
Бақтыбала Қасымова он бір құрсақ көтерген. Алтын алқа иегері. Жолдасы Нұрғазы атамен жарты ғасыр бірге ғұмыр кешкен.
Ерғазы Ешқаев, Б. Қасымованың ұлы:
Ата-анамыздың тәрбиесінің арқасында осындай дәрежеге жеттік. Оқып, білім алып, қазір еңбек етіп жүрміз. Әке-шешеміз осы ауылда еңбек етіп, ел сыйлаған азаматтар болды. Әкеміз болмаса да, анамыз орнын жоқтатпай, бізді қара шаңыраққа жиып, батасын беріп, ақ тілегін айтып отырады.
Қимыл қозғалысы
ширақ әже бүгінде бейнетінің зейнетін, ұл-қызының қызығын көріп, немере-шөберелерінің
ыстық ықыласына бөленіп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
