Басты Жаңалықтар «Ауыл құтқарушылары»: 50-ден астам өрт сөндіру бекеті құрылды

«Ауыл құтқарушылары»: 50-ден астам өрт сөндіру бекеті құрылды

Ауылда өрт шыққан жағдайда ауданнан арнайы бригаданы күтудің қажеті жоқ. Енді төтенше жағдайға тап болған жұртқа бірден «Ауыл құтқарушылары» көмекке келеді. Биылдан бастап іске қосылған жаңа бағдарлама аясында 50-ден астам өрт сөндіру бекеті құрылып, арнайы техника және жабдықпен қамтамасыз етілген. Бұған қоса 20-дан астам бекет қайта жөнделген. Министрлік өкілдерінің ақпаратынша, жыл соңына дейін тағы бірнеше пункт ашылады. Бұл тек қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндік береді. Арнайы оқудан өткен азаматтар өрт сөндіруші болып жұмыс істей алады, ал жалақысын жергілікті әкімдік төлейді. Сала өкілінің дерегінше, жыл басталғаннан бері 572 орман өрті болған. Сонымен бірге өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 4,5 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 87,5 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Елдос Зияда, ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:

Жергілікті атқарушы орган бөлімшемен қамтамасыз етсе, біздің Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан олар жерге техника мен киім-кешек беріледі. Қазір жыл басынан бері 70 өрт сөндіру пункті «Ауыл құтқарушылар» ведомстволық бағдарлама бойынша ашылған.


Бөлісу