Атырау облысында 200 млрд теңге бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан заңсыз аударылған
Қаржы мониторинг агенттігі Атырау облысында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «тіс емдеуге» деп 200 млрд теңгенің аударылғанын, оның шын мәнінде тек ақшаны шығарып алу үшін жасалған операция екенін анықтаған. Қылмыстық топ - бесеу.
Олар ақшаны қағазда ғана бар 30-дан аса клиника арқылы шығарған. Стоматологиялық орталықтарды Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау сияқты қалаларда «ашып қойған». Тиісінше, ғимараттары да, жабдықтары да, қызметкерлері де болмаған. Клиникалардың басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі де жоқ. Бірақ ақша шығаруға келгенде «өте білімді» екен.
Шығарып берген ақшадан 10%-дан 20%-ға дейін алған. Жиналған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қылмыстық топтар 226 «дропперді» пайдаланған. Қолдарын ысқылап, люкс көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алған. Mercedes-Benz, BMW, Porsche, Cadillac сияқты 15 қымбат автокөлікке 600 млн-нан астам теңге жұмсаған. Сондай-ақ зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған. Қылмыстық жолмен алынған мүлікті әлі де іздестіріп жатыр.
10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған. Аса ірі көлемдегі ұрлық сирек болмайды, бірақ бұл жолғы схема әдеттегі схемаларға қарағанда басқашалау екен. Сонымен бірге тағы бір тұсы бар. Дәлірегі - «Тіс емдетемін» деп ақшасын алған, бірақ олай істемейтінін әу бастан білген адамдарға байланысты қандай да бір шара қолданыла ма? - деген сұрақ. Жауап осы аптада берілді - олар қылмыстық іске тартылмайды.
«Осы тергеу барысында тек зейнетақы активтерін заңсыз шығару схемасын ұйымдастырғандардың ғана әрекетіне құқықтық баға беріледі. Өзінің жинақталған зейнетақы қаражатын алған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды», - деп хабарлайды Қаржы мониторинг агенттігі. Не дегенмен, маңдай терімен жинаған ақшасы деген болуы керек.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы қорындағы ақшаны тіс емдетуге бермеуді ұсынып отыр. Шын мәнінде тіс емдетуге жұмсамайды деген күдік негізсіз еместігі белгілі. Бірақ жаңа айтып тұрғандай, маңдай термен жинағанын адамдар пайдаланғысы келеді. Бұл бірінші кезекте әлеуметтік жағдайдан туатын тілек. Адамдар бір жыртығын жамауды ойлайды... Жақсы, тіс емдетуге ғана қарастырылған ақшаны басқа мақсатқа жұмсауға болмайды. Алайда ұрлық бар деп, неге бұл мүмкіндікті мүлдем жойып жіберу керек? Одан да стоматологтардың жауапкершілігін күшейтсін. Бірде бір стомклиника ақша шығаруға бармаса, ақша шығарып алу жоспары іске аспайды.
Автор
Жайна Сламбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Қазақстан жасанды интеллект стартаптарына 10 миллиард теңге бөлді
28.09.2025, 20:20

Бір туристің орташа шығыны экономика үшін қаншалықты маңызды?
28.09.2025, 20:13
Банктер неге 4% ғана салық төлейді?
28.09.2025, 20:12
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында қандай ұсыныстар айтты?
28.09.2025, 20:06
Қазақстанға судың 44%-ы шет мемлекеттерден келеді
28.09.2025, 20:04
Ақтөбе облысының тұрғындары қоғамдық көлікке міну үшін вагон астымен өтуге мәжбүр
28.09.2025, 20:01
Астанада LRT пойызы сынақ режимінде жүре бастады
28.09.2025, 19:48
Әр түп тал үшін еңбек еткен жандар
28.09.2025, 16:53