Басты Жаңалықтар Оқушылар «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдірді

Оқушылар «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдірді

 Ақтөбеде «Экология және болашақ» тақырыбында оқушылар арасында пікірсайыс өтті. «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында ұйымдастырылған шараға қала мектептерінен отызға жуық  бала қатысты.

Олардың көбі бұған дейін де түрлі дебатқа қатысып, озық ойлы оқушы екенін дәлелдеп үлгерген. Қатысушылар «Жасыл әлем үшін жастардың жауапкершілігі» деген тақырыпта пікір алмасты. Шараны қолдауға жастар ұйымдарының өкілдері де келген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, пікірсайыс барысында ұсынылған озық идеяларды іс жүзінде жүзеге асыру жолдары қарастырылады.

Аят Жұмағали, оқушы:

Дебатта біз проблемаларды атап қана қоймай, оның шешімдерін іздейміз. Сонымен қатар аргументтерді құрастырып, баламаларды және бастамаларды ұсынамыз. Мәселен, қазіргі турнирді айта аламын. Экологиялық проблемаларды қозғау арқылы біз белгілі бір поблемалардың шешімдерін ұсына аламыз.
 

Ал Шымкентте 50-ге жуық ерікті Тұран ауданындағы көпқабатты үйлердің ауласын қоқыстан арылтып, айналаны жиыстырды. Мұндай сенбілік жыл басынан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында 35 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Жалпы, акцияға 3 жарым мыңнан астам тұрғын атсалысқан.

Ербол Байқонысов, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары:

«Таза Қазақстан» деген сөздің өзі біз рухани таза болуымыз керектігін білдіреді. Әрқайсысы өз тазалығына жауап беруі керек. Әркім шашып кеткеннен кейін тазалау мақсат емес. Әрбір азамат жүрген жерін тазалап жүру керек. Шымкент - жасыл қала, осылай тазалыққа шақырғанның нәтижесінде біз таза қалаға айналамыз деп есептеймін. Барлық жер таза болатын болса, тазалайтын жер қалмауы да мүмкін.Сондықтан біз экологиясы таза қалада өмір сүруіміз керек.

Бөлісу