Өзбекстанда қандастарымыз өз тілінде білім алады
Өзбекстанда 350-ден астам қазақ мектебі бар. Бауырлас елде қандастарымыздың
өз тілінде білім алуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Мамандар
Ташкент, Нөкіс пен Шыршық қалаларындағы университетте даярланады. Ал оқулықтар
білім ордаларына жыл сайын тегін беріледі.
Бұл қазақтар көп шоғырланған Ташкент облысы Бостандық ауданындағы №24 мектеп. Шағын ғана Шақшам ауылындағы білім ошағында 170 бала оқиды. Өз тілінде алаңсыз білім алып жүрген жеткіншектер ұлтымыздың төл әдебиетін санасына сіңіріп өсіп жатыр.
Нұрлыайым Нұрмаханова, оқушы:
Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнін өте қатты ұнатамын. Әсіресе Абай Құнанбаевтың шығармаларын айрықша сүйіп оқимын. «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» атты өлеңі ұнайды. Біздің мектептің оқытушылары бізге жақсы тәлім-тәрбие береді.
Өзбекстанда 350-ден астам қазақ мектебі бар. Оның ең көп бөлігі Қарақалпақстанда, сонан соң осы Бостандық ауданында орналасқан. Білім ордаларының материалдық базасын мемлекет толықтай қамтамасыз етеді. Оқулықтар Өзбекстанда басылып шығады және тегін таратылады.
Серік Парманқұлов, Ташкент облысындағы №24 орта мектептің директоры:
Өзбекстан елінде тұрғанымызбен, қазақ тілінде оқытылады мектептерде барлық жағынан қолдау бар. Қазақ тілінде оқулықтар беріледі, мұғалімдер бар. Тегін беріледі, мамандар да жеткілікті. Шыршық қаласындағы ЖОО қазақ тілінде мамандар даярлап шығарылады.
Бұған дейін бітіруші түлектер жоғары білім алу үшін өзбек, орыс немесе қарақалпақ тілінде сынақ тапсыратын. Қазақ ұлттық мәдени орталығының ұйытқы болуымен, соңғы жылдары бұл мәселе шешімін тапты. Аталған үш тілдің қатарына қазақ тілі де қосылған.
Серікбай Үсенов, Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы:
Мектепті қазақ тілінде бітіргендер үшін өз тілімен жоғарғы оқу орнына тест тапсыруды жолға қойдық. Осының арқасында қазақтар қазақ мектепті бітіріп, одан әрі өзбек немесе орыс тілінде оқып кете алады деп сенім білдіре аламын. Қазір түлектеріміз үш тілде еркін сөйлей алады.
Биыл Өзбекстанда 3 мыңға тарта жеткіншек қазақ мектебін тәмамдады. Жастардың дені тарихи отаны Қазақстанға келіп, жоғары білім алып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
