Астана - әлемдік дін көшбасшыларын біріктіретін алаң
Қазақстан бүгінде бейбітшілік пен келісімнің халықаралық орталығына айналған. Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне келген делегаттар пікірі осыған саяды. Жиынға 60 елден 700-ге жуық делегат келді. Олардың арасында дін көшбасшыларынан бөлек халықаралық ұйым өкілдері, беделді сарапшылар мен саясаткерлер бар. Толығырақ шетелдік меймандармен тілдескен әріптесіміз Ақниет Балтанова тарқатсын.
«Қазақстанның бастамасы – адамзаттың ортақ болашағы үшін маңызды». Осылай деген шетелдік делегаттар еліміздің дипломатиялық қарым-қатынасын жоғары бағалады. Бірі елімізге алғаш рет табан тіресе, енді бірі Астанада дәстүрлі өтетін съезге әр үш жыл сайын асыға күтетінін жеткізді.
Мохаммед Эльсаноуси, АҚШ діни және дәстүрлі бітімгерлер желісінің хатшылық директоры:
Қазақстанға бірнеше рет келдім. Әр келген сайын осы елдің қаншалықты ілгерілеп келе жатқанын көріп қуанамын. Қазір әлемдегі ахуал оңай болмай тұр. Сондықтан осында бүкіл әлемнің ең беделді діни көшбасшыларын бір алаңға жинап, өзара байланыс орнатып, диалог құруға мүмкіндік беру - шынымен де үлкен жетістік. Сол үшін мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына осындай маңызды іс-шараны өткізгені үшін алғыс білдіремін.
Сардар Мухаммад Юсуф, Пәкістан ислам республикасының дін істері және конфессияаралық келісім жөніндегі федералды министрі:
Бұл өте маңызды конгресс және ол сәтті өтті деп ойлаймын. Жиналғандардың барлығы бірігіп, әлемге бейбітшілік туралы маңызды үндеу жолдады. Соңғы кезде әлемде саяси әрі діни қайшылықтар көбейіп кетті. Осындай қиын кезеңде маңызды съезд өткізу қажеттілікке айналды – бір-бірімізді түсіну үшін, жақындату үшін, татулықты дамыту үшін.
Еліміз зорлық-зомбылыққа, экстремизмге, өшпенділікке үзілді-кесілді қарсы. 700 делегат жиналған салмақты жиында Мемлекет басшысы осы ұстамымызды нық әрі ашық айтты. Әртүрлі сенім мен көзқарас тоғысқан алаңда ел Президентінің дәл осындай айқын ұсыныстары болашақ жоспарды нақты бекіткендей болды.
Виллибард Китого Лагхо, Кения республикасы дінаралық кеңесінің төрағасы:
Қазір бүкіл адамзатқа ортақ қиындықтар көп: климаттың өзгеруі, көші-қонға байланысты қақтығыстар, әлемнің әртүрлі аймақтарындағы зорлық-зомбылық. Осындай жағдайда дін өкілдерінің бірігіп, мәдениет қайраткерлері ұсынып жатқан бастамаларды қолдап, осы дағдарыстарды шешуге атсалысуы ауадай қажет. Біз діннің адамдарды бөліп-жармай, қайта оларды біріктіруге көмектесетін қуатты әрі моральдық күш екеніне сенеміз.
Крис Сайпл, АҚШ «Глобалдық өзара әрекеттестік институтының» құрметті президенті, «Lyn community» ұйымының аға ғылыми қызметкері:
Менің ойымша, Қазақстан бұл шараны жоғары деңгейде атқарып жатыр. Ең қызығы Израиль, Иран, Ресей және Америкадан келген діни жетекшілердің бәрі бір жерде жиналып, мәселені ашық талқылауда. Әлемде осындай түрлі пікірдегі өкілдерді бір жерге жинай алатын басқа елді мен білмеймін. Ең бастысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бізге стратегия мен нақты іс-қимыл жоспарын көрсеткендей болды.
Ақниет Балтанова, тілші:
Съезге келген шетелдік делегаттар Астана әлімдік дін көшбасшыларын біріктіретін алаң деп баға берді. Қатысушылар Қазақстанның дінаралық келісімді нығайту бастамалары – әлемдік қауымдастық үшін үлгі дейді. Сондай-ақ Съезд қортындысы ретінде қабылданған декларацияның әлемдік БҰҰ Бас ассамблеясына ұсынылатындығы Қазақстан бастамасына берілген жаһандық қолдаудың дәлелі болып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
