Басты Жаңалықтар Президент: Діндер съезі рухани дипломатияға зор ықпал етеді

Президент: Діндер съезі рухани дипломатияға зор ықпал етеді

Діндер көшбасшыларының съезі рухани дипломатияға зор ықпал етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде басқосудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Съезд алғаш қызметін бастаған сәттен бері қазіргі заман сын-қатерлерін ашық талқылайтын бірегей алаңға айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде мәдениеттер арасындағы қарама-қайшылық күшейіп, сауда және санкция текетірестері бәсеңдемей тұрғанына, жаппай қарусызданудың орнына әскерді жарақтандыру жарысы басталып кеткеніне тоқталды. Президент барлық негізгі діни дәстүрлер мейірімділік, әділдік, бейбітсүйгіш қасиет секілді жалпы гуманистік құндылықтарды дәріптейтініне назар аударып, Қазақстанның осы ұстанымға бейіл екенін атап өтті. Сондықтан еліміз зорлық-зомбылықты, экстремизмді және өшпенділікті ақтап алу үшін дінді пайдалануға үзілді-кесілді қарсы деп мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  
Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады.


Бөлісу