Израиль Газа қаласын басып алу операциясын жүргізіп жатыр
Израиль армиясы Газа қаласында құрлық операциясын бастады. Қаланы басып алу жоспарын Израиль үкіметі тамызда жариялады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху мұнда «Хамас» тобының бекіністерін қиратуды көздейтінін мәлімдеді. Соңғы мәліметтерге сай, құрлық операциясына қарамастан жүздеген мың адам Газадан кетуден бас тартқан. Себебі олар анлкавтың қай жағына барса да өздерін қауіпсіз сезінбейді. Мұның алдында 250 мыңдай адам анклавтың оңтүстігіне көшкен еді.
Израиль әскері Газа қаласын жойқын күшпен құрлықтан шабуылдай бастады. Мұны премьер-министр Биньямин Нетаньяху растады. Мұның алдында ЦАХАЛ қаланы түні бойы бомбалаған. Израиль әскері «Хамастың» қаладағы инфрақұрылымдарын қирата бастағанын мәлімдеді. Құрлық операциясын бастаудағы мақсат - Газаны оккупациялау.
Башир Хаджадж, палестиналық құтқарушы:
Мына аймақ түнімен бомбалауға ұшырады. Жетуге қиын болды. Жағдай өте күрделі.
Израиль әскері қаланы бомбалауды дүйсенбіден бастап үдетті. Ондаған үй қирап, жағалауға соққы беруге танктер мен ұшақтарға әскери катерлер де қосылған.
Әбу Әл-Абд Закқут, Газа тұрғыны:
Екі-үш қабатты үй жермен-жексен болды. Мына үйде Әбу Мұхаммад Хамад тұрды. Ал мына үй ағам Әбу Камал, оның балалары, немерелері тұрды. Балалардың кінәсі не? Білмеймін.
Ал БҰҰ-ның Тәуелсіз халықаралық комиссиясы Израильдің Газа секторындағы әрекетін геноцид деп бағалаған баяндама жариялады. Кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.
Нави Пиллэй, БҰҰ-ның халықаралық тәуелсіз комиссиясының төрайымы:
Газада геноцид болып жатыр. Біз Палестинаға әлі барған жоқпыз. Барамыз, өйткені бұл тұрақты комиссия. Біз геноцидке жауапты үш адамның атын атадық. Бірі премьер-министр Биньямин Нетаньяху, екіншісі президент Ицхак Герцог, үшіншісі бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галлант. Және олар мемлекеттің агенті ретінде әрекет еткендіктен, Израиль мемлекеті жауапты.
Алайда Израильдің БҰҰ-дағы елшісі тәуелсіз комиссияның тергеу қорытындысын «жала жабу» деп мәлімдеп, геноцидті үзілді-кесілді жоққа шығарды. Израиль Газадағы соғысты «Хамастың» 2023 жылы 7 қазандағы шабуылына қарсы бастады. Сол кезде қарулы топ 1200 адамды өлтіріп, 251 израильдікті кепілге алды. Сол уақыттан бері Газа секторында Израильдің шабуылынан 64 мыңнан астам қаза тапқан.
«Би-Би-Си» америкалық дереккөздерге сүйене отырып, Вашингтон Израильді тоқтатпайды және Газадағы әскери операцияны қолдайды деп хабарлады. Ал АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қатар Газа секторындағы жағдайды реттеуге араағайын болатын бірден-бір ел деп мәлімдеген. Рубио Израильден кейін Дохаға сапар шекті. Мұнда шұғыл шақырылған Араб-Ислам саммиті өтті. Оған қатысқан мемлекеттер жақында шабуылға ұшыраған Қатарға қолдау білдіріп, АҚШ-ты Израильге қарсы қысымды күшейтуге шақырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
