Басты Жаңалықтар 400 студент Венгрияда оқуға мүмкіндік алды

400 студент Венгрияда оқуға мүмкіндік алды

Еліміздің 400 студенті Венгрия астанасы Будапештте оқи алады. Осылайша Президент тапсырмасымен құрылған Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті әлемнің ЖОО-мен әріптестік байланыс орната бастады. Сондай-ақ студенттерден қалыспай енді су саласына жауапты министрлік қызметкерлері де білімін жетілдіре алады. Олар үшін қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылды.

Былтыр ашылған Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде 2 мыңнан аса студент оқиды. Енді биылдан бастап мұндағы 400 студент Венгриядағы Оbuda университетінде білім алады. Олар Будапештте бір жыл бойы инженерлік мамандықтарды меңгереді. Күні кеше орталық Еуропаға 45 студент аман-есен жетті.

 

Темірлан Болат, 2-курс студенті:

Жалпы Венгрия университеттері сапалы білімге және тәжірибеге үлкен мән береді. Сол үшін сапалы білім алуға барымызды саламыз. Алғашқы уақытта осы жақта алған білімімізбен Қазақстанға барып пайдалы маман болуға барымызды саламыз және академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында алған тәжірибелермен заманауи маман болып шығатынымызға сенеміз.

 

Сондай-ақ, бүгінде Венгрияда 20 магистр оқып жатыр. Олар бірден екі дипломның иесі атанады. Универистет ректоры былтыр ел Президенті мажарлар еліне барғанда меморандум жасауға мүмкіндік туды дейді.

 

Кәмшат Түсіпова, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры:

Бұл магистратура жағынан Корвинус университетімен қос дипломдық бағдарлама – су ресурстарын басқару, оның ішінде су дипломатиясы. Бірінші семестрін олар Корвинус университетінің бағдарламасымен оқиды. Ал екінші семестрін бізде оқиды. Жасанды интеллект, бағдарламалық қамтамасыз ету, яғни Орхард, Рос, Матлап деген бағдарламаларда жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.

 

Биыл университет Қытайдың солтүстік су ресурстары университетімен бірігіп Таразда зертхана ашпақ. Жаңа нысанда жасанды интеллект арқылы гидрологиялық зерттеу жасап, жер асты суларын модельдеуге болады. 


Ғалия Омарова, техника ғылымдарының докторы:

Қытайдан жақын арада жетекші ғалымдары келеді. Жас ғалымдарымызға арнайы дәрістерін береді. Сонымен қатар бізбен бірлесіп болашақта оқу және ғылыми жұмыстарды жүргізу бағытында қандай байланыс болатынын бірлесіп шешеміз.


 Президент Жолдауда университеттің техникалық базасын күшейтуді тағы бір еске салды. Бұл бағытта мелиоративтік-әдістемелік кешен құрылысы жүріп жатыр.


 


 

Бөлісу