Каспий теңізінің тартылуы балықшылардың кәсібіне қиындық келтіруде
Каспий теңізі жылдан жылға тартылып барады. Атырау облысы Құрманғазы ауданының балықшылары дабыл қағуда. Қиғаш өзенінің теңізге құяр сағасы әбден таязданып кеткен. Су мөлшері шамадан тыс азайып, қалыпты деңгейден 3-4 есе төмендеген. Бұл балық миграциясы мен теңіз көліктерінің қатынауына кедергі келтіруде. Мәселе қалай шешіледі? Әкімдік қандай шешім қабылдады?
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Біз қазір теңіздің тамағында тұрмыз. Бұл жердегі тереңдікті өлшеп көрсетейін. Көріп тұрғандарыңыздай, екі қарыс қана. Бұл - жел теңіз жақтан соққандағы жағдай. Ал теңіз кері қайтқан мезгілде тек қана бір қарыстай болады, яғни тобықтан келеді.
Қиғаш өзені мен одан тарайтын каналдардың түбін тереңдету осыдан 3 жыл бұрын басталды. Бірақ жұмыстар нәтижесіз. Теңізден келе жатқан қайықтар қайраңдап қалып жатыр. Балықшылардың күндегі көретін күні осы.
Саламат Сатыбалдиев, балықшы:
Үлкен қайықтар кіре алатындай етіп, 3 метр тереңдікте қазу керек. Қазір шағын қайықтардың тоғыздық, ондық, он бестік моторлары да кіре алмай жатыр. Ал үлкен моторлы қайықтар мүлде жүре алмайды.
Шорманбек Ғайненов, балықшы:
Қайықтар жүре алмайды, сүйреп шығарып жүрміз. Шынын айтсақ, бұл — нағыз қорлық. Балық аулау мүлде қиынға соғып кетті. Балық та аз, барын да аулау мүмкін болмай барады. Жағдай барған сайын қиындап жатыр.
Жалпы, Құрманғазы ауданында 5 кооператив, 500-ге жуық балықшы бар. Олар су маржандарын тек ауламайды, оны өңдеп шетелге экспортқа шығарады. Су тартылғалы жағдай қиындап, біраз шығынға баттық, дейді кәсіпкерлер.
Жұмажан Шакупов, «Каспий балық» өндірістік кооперативінің директоры:
Бір кооперативке салықты есептемегенде бар-жоғы 60–70 миллион теңге ғана лимит бөлінеді. Ал әр кооперативтің өзінде шамамен 150 миллион теңге шығын бар. Шынын айтқанда, қазір біз шығынмен жұмыс істеп отырмыз. Ең бастысы — балықшыларды таратып алмай, банкрот болмаудың жолын табу. Өндіріс көлемі тоқтап қалмауы керек. Сол үшін тырысып жүрміз. Әзірге ешқандай пайда көріп отырған жоқпыз.
Өңірде Қиғаштан тарайтын каналдармен толатын 35 шақты көлшік бар. Қазіргі уақытта оның бәрі құрғап қалған. Әкімдік өкілдері мәселемен хабардар. Су көздерін молайту және жедел шешімдер қабылдау үшін ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Абат Жанғалиев, Құрманғазы ауданының әкімі:
РФ тарапынан теңіз табаны қазылып, балықтың барлығы дерлік сол жаққа кетіп жатыр. Соның салдарынан біздің аудан балықшылары биыл табыстан қағылып, тартымның аз болғанына шағымданды. Енді теңіз табандарын қазуға қатысты шешім қабылданып, аудандағы өзге де су көздерінің тартылуына байланысты суды молайту бағытында төтенше жағдай жарияланды.
Жоспар бойынша Қиғаш пен Шарон өзендері және каналдардың
130 шақырымы тереңдетіледі. Сондай-ақ Каспий теңізіне шығатын 11 шақырым аумақ қазылмақ.
Қазір әкімдік бюджет көлемін нақтылап жатыр. Жуырда жұмыстарды бастаймыз деп
сендірді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
