Батыс Қазақстан облысында 260 шақырым жол жөнделуде. Президент былтырғы Жолдауында «облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның ауқымын кеңейтуді» тапсырған еді. Бұл міндет қалай орындалып жатыр?
Біз қазір Өнеге ауылының маңында тұрмыз. Жолаушылардың көлігін қажытып, жүйкесін тоздырған бұл жолда Кеңес үкіметінен бері асфальт болмаған. Алты жыл бұрын осы жерде сюжет жасаған едік. Қазір жол тақтайдай тегіс. Президент тапсырмасымен Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына қатқыл табанды жол салынды.
Оралдан 500 шақырым қашықтағы қос ауданға апаратын жол республикалық маңызға ие. Ресми атауы – «Казталов–Жәнібек–Ресей шекарасы» және «Өнеге–Бисен–Сайхын» күре жолы. Жалпы ұзындығы – 245 шақырым. Жоба құны – 80 млрд теңге.
Үмітханы Салихова, Өнеге ауылының тұрғыны:
«Жол жағдайы бұрын нашар еді. Батпақтан арылмайтынбыз. Оралға 12–15 сағат жүріп барған кездеріміз болды. Қазір шүкір, Орал мен Жәнібектің ортасына асфальт жол салынып жатыр».
Ірі жоба аясында Хан ордасы ауылына дейінгі 21 шақырым жол да орташа жөндеуден өтуде. Мемлекет басшысының бақылауындағы құрылыс жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Кәкима Молдашева, Хан ордасы ауылының тұрғыны:
«Жол келгенше, 70-ке келіп, біз өліп қаламыз ба деп ойладық. Бірақ көзді ашып-жұмғанша жақсы жолға жеттік. Ауыл ішінде де асфальт төселіп жатыр».
Сонымен қатар Подстепное–Теректі–Ресей шекарасы бағытындағы күре жол қайта жаңғыртылуда. Орал–Ақтөбе тасжолының тұсындағы жол айрығында жұмыс қарқын алған. Бұл өткел клевер жапырағы тәрізді көпірге айналады.
Данияр Дүйсенғалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы бөлім басшысы:
«Көлік жол айрығы аясында көпір салынуда. Бұл жерде жоспарланған 15 шақырым жаңа тасжол басталады. Ол Подстепное, Пойма елді мекендері мен әуежайды айналып өтеді. Қажетті техника мен материалдар дайын, жұмыс жүріп жатыр».
Сондай-ақ, көлік апаты жиі болатын «Орал–Атырау» тасжолының 80 шақырымы биыл орташа жөндеуден өтеді. Бағдарлама аясында 45 млрд теңге бөлініп, жалпы 260 шақырым жол жөнделуде. Нәтижесінде талапқа сай жолдардың үлесі 56-дан 62%-ға дейін артады.
Ардақ Мұратқызы
