«Қаладан - ауылға»: БҚО-да 126 отбасы ауылға көшіп барды
Президент Жолдауында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мәселесі назардан тыс қалмайды. Бұл тапсырманы жүзеге асыру мақсатында былтыр Батыс Қазақстан облысында «Қаладан - ауылға» бағдарламасы қолға алынды. Оның аясында аудандарға 126 отбасы көшіп барды. Бұл ауыл-аймақтағы маман тапшылығы мәселесінің шешілуіне, мектеп сыныптарының жабылмауына сеп болады. Ауылға қоныс аударған отбасыларға баспана беріледі. Азын-аулақ мал мен кәсіп бастаушыларға жеңілдетілген несие де қарастырылған.
Дәрігер Асылхан Шәкизадаев - Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының тумасы. Жалпақтал ауылына былтыр көшіп келген. Әріптестері де жан-жақтан жиналыпты. Казталов аудандық №2 ауруханасында Алматы, Шымкент, Тараз, Қостанай қалаларынан отбасымен көшіп барған дәрігерлер еңбек етіп жүр. Ауылда дәрігер тапшылығы жоқ.
Асылхан Шәкизадаев, анестезиолог-реаниматолог дәрігер, №2 аудандық аурухана директорының орынбасары:
Жастарды қолдау бағдарламасы аясында 8 млн 500 мың теңге көлемінде үстемақы алып, баспанамен қамтамасыз етілдім. Мақсатым – халыққа көмек көрсетіп, емдеу. Биыл гинеколог дәрігеріміз келді, реаниматолог, анестезиолог, хирург мамандарымыз бар. Қазіргі сәтте фармацевт дәрігеріміз Тараздан келіп жатыр.
Бағдарлама аясында жас мамандарға жаңа баспана берілді. Ұл-қыздары балабақша мен мектепке орналасты. Баспаналы болғандардың қатарында Сейсенбайұлы отбасы бар. Ерлі-зайыпты дәрігерлер жасалған жағдайға дән риза.
Нұрсұлтан Сейсенбайұлы, жалпы тәжірибелі дәрігер:
Астана медициналық университетін тәмамдап, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Жалпақтал ауылына келдік. Үш баламыз бар. Жолдасым гинеколог әрі УЗИ маманы. Жалпақтал көңілімізден шығып, ұнап жатыр.
Мөлдір Ибрагимова, акушер-гинеколог дәрігер:
Жұмысымызға да, ұжымға да ризамыз. Үй жағдайымыз жақсы, үш бөлмелі жаңа баспана берілді. Өзімізге ұнайды.
Былтыр Казталов ауданының 9 елді мекеніне 19 отбасы көшіп келген. Барлығы 108 адам, оның 71-і бала. Бұл шалғай ауылдардағы мектептердің жабылмауына үлкен көмек. Риза болған ауыл тұрғындары қоныстанушыларға ерулік беріп жатыр.
Айдана Мұханбетова, Казталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
Ауыл тұрғындарының жергілікті демеушілер қолдауымен көшіп келген әр отбасыға бұзаулы сиыр мен 10 қой-ешкі берілді. Барлығы өз саласы бойынша жұмыспен қамтылды, арасында мұғалімдер, медбикелер, тәрбиешілер бар. Сондай-ақ мемлекеттен қайтарымсыз несие алып, ісін бастағандар да кездеседі.
Өңірде былтыр қолға алынған «Қаладан - ауылға» бағдарламасы аясында сәтті жүзеге асып, 126 отбасы ауылға қоныстанды. Ауылдың әл-ауқатын арттыруды көздейтін қанатқақты жобаның шекарадағы елді мекендер халқын тұрақтандыруда мәні зор.
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
