ЖИ-дің кері әсері қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЖИ-дің кері әсері қандай?

30.07.2025

Жаһанда жаппай дамыған жасанды интеллект талайдың қолын сөзсіз ұзартты. Ауыр жұмысқа роботтар келді. Түрлі қиын тапсырмаларды орындау үшін бағдарламалар шығарылды. Кейіннен чат-боттар шықты. Қазір жастар арасында ерекше сұранысқа ие болған бағдарламалардың берері мол болғанымен алары да аз емес. Психологтар психикалық ауытқушылықтарды айтып дабыл қағып отыр.

Үй мен түздің арасында жүріп, 6 баланы тәрбиелеп отырған Айнұр Нұрманғалиеваның жасанды интеллект біраз қолын ұзартқан. Мектеп жастағы балалары қазір ChatGPT-мен ажырамас дос. Жүйе оқуға көмектеседі, одан бөлек жеткіншектермен сырласып, ақыл-кеңесін айтады. Бұл уақытта ата-анасы еш уайымсыз жұмыстарын істей береді.

Айнұр Нұрманғалиева, көпбалалы ана:

Үй тапсырмаларын есептеп береді. Мысалы, көп ата-аналар балалар есептерін жай ғана көшіріп алады деп айтады. Сондықтан балаға жай көшіре салма, есептің шығарылу жолын сұра деймін. Бала ата-анасына айта алмайтын ойларын ChatGPT-мен бөлісіп, анықтап алады. Ең бастысы – кейін ата-анасымен сөйлесіп, оның дұрыс-бұрысын түсіну.

Айнұрдың балалары сияқты қазір екінің бірі Чат-боттың тілін тапқан. Z ұрпақтардың жасанды жүйе жетегіне еруі заман әсерінен болғаны белгілі. Бірақ болашақта қауіп туындаса кімді кінәлаймыз? Программистерді ме? Олардың өздері қазір дабыл қағып отыр. Мәселен, ChatGPT-ды шығарған компания басшысы Сэм Альтман платформаға қатты сенім артудың арты жақсылыққа апармайды деп алаңдаулы.

Сэм Альтман, OpenAL компаниясының бас директоры:

Адамдар ChatGPT-ға қатты сенім артып кетті. Кейбір жастар «Чат-ботсыз бірде-бір шешімді қабылдай алмаймын, оның айтқанын істеймін», - деп жүр. Өзім мұны қауіпті дабыл деп білемін. Бірақ қыз-жігіттер арасында бұл үйреншікті жағдайға айналып кеткендей. Мәселені зерттеп, шешу жолын қарастыру керек.

Отандық психологтар да жасанды интеллект қауіпін жасырмай айтып жүр. Көпшілігі боттарды көмекші ретінде ғана көру керек деген пікірде. Ал өмірлік шешімдердің жауабын жансыз жүйеден сұрау сорақылық, - дейді мамандар.

Айтолқын Базарқызы, психолог:

Ойлау қабілеті, өзін еркін ұстауы, ортада дұрыс қалыптасуы қиынға соғады. Адамдармен қарым-қатынаста тосын сұрақтарға жауап беру де оңай емес. Қоғамда менің орным жоқ, мені тек жасанды интеллект түсінеді деген ой балаға қоғамнан алшақтатуы мүмкін. Соның салдарынан түрлі психологиялық дертке шалдығуы ықтимал. ChatGPT-мен дос ретінде сөйлескенімен, шынайы ортада құрдастарымен қарым-қатынас жасау – мүлде басқа нәрсе.

Қажеттілікке сай, чат-боттар да қазір көп. Бұл да өз алдына қауіпті арттырды. Психологиялық проблемаға ақпараттық қауіпсіздік келіп қосылды.

Абылайхан Манатов, Ақпараттық қауіпсіздік инженері:

Жасанды интеллект дамыған сайын ол өте ақылды әрі қуатты құралға айналып келеді. Оның көмегімен түрлі сайттар жасауға болады. Қарапайым сайттардан бастап, алаяқтарға арналған фишингтік немесе біреудің деректерін жинауға бағытталған сайттарға дейін. Сондықтан алдымен платформаның сенімділігіне назар аудару қажет. Мысалы, ChatGPT, DeepSeek, Copilot сияқты ірі компаниялардың қызметтерінде ақпараттық қауіпсіздік деңгейі жоғары.

Қазақстанда чат-боттардың жетегінде жүргендердің нақты санын айту әзірге қиын. Оны жүйені ойлап тапқандар ғана айта алады. Жаһанды сөз қылсақ, әлем бойынша қолданушылардың 79 пайызының таңдауы ChatGPT түскен. Бұл плотформаға тұтынушылар айына 5 млрд рет кіреді.

Алдияр Айтбай

Хабарламаларға жазылу