Тегін дәрі-дәрмек беру тәртібі өзгереді
Ай сайын берілуі тиіс тегін дәрі-дәрмек емханаларға дер кезінде жеткізілмейді. Тұрғындар осылай деп кезекті рет шағым айтып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі не дейді? Қандай реформа дайындаған?
85 жастағы Қали Қорғанұлы қан қысымын түсіру үшін ай сайын уыстап дәрі ішеді. Зейнетақысын соған жұмсайды. Өйткені тегін берілуі керек препараттар емханаға уақытылы жеткізілмейді. Ала алмай жүргеніме 4 айдан асты, дейді қария.
Қали Қорғанұлы, зейнеткер:
Онсыз да 5-6 дәріні сатып аламын. Олар беруі керек дәріні сатып аламын. Ал осы үш негізгі дәрі табылмайды, жоқ. Ішпесем, біттім ғой, құлаймын. Қан қысымым 200 болып кетеді. Ал мына жекеменшік дәріханаларда сол дәрілер толып тұр. Өзіміздің емханада жоқ.
Дәл осындай шағыммен Денсаулық сақтау министрлігінің жедел желісіне тек жыл басынан бері 11 мың адам хабарласқан. Сонда дәрі-дәрмектің уақытылы жетпеуіне не себеп? Мәжіліс депутаттары салада «фарм мафия» бар екенін былтырдан айтып келеді. Жуырда бас Прокуратура жемқорлық схемаларын әшкерелеп, осы күдікті растады. Дәрі жеткізуші компаниялар СК Фармация ұйымдастырған тендерге қатысып, делдалдар арқылы миллиондап заңсыз табыс тапқаны белгілі болды. Тексеріс басталып, сең қозғалды. Бірақ дәрі уақытылы жетуі үшін жемқорлықты тоқтатудан бөлек, жүйенің өзін, яғни дәрі беру тәртібін түбегейлі өзгерту керек, дейді сарапшылар.
Талғат Омаров, Қазақстан дәріхана иелері қауымдастығының басшысы:
Біріншіден, жоспарлау дұрыс емес. Екіншіден, тендер мәселесі. Үшіншіден, оны жеткізу, яғни логистика – осының бәрі. Қазіргі қалыптасқан жүйенің жүзеге аспайтыны неге? Өйткені дәріханалар мемлекеттің МӘМС жүйесіне сенбейді. Олар қашан алып болады? Пациент оны әзер дегенде 3 айда алады. Ол уақытқа дейін ақшаның құны кетіп қалады. Дәріханаларға тиімсіз.
Денсаулық сақтау министрлігі мәселені жақсы біледі. Реформа дайын дейді.
Айгүл Баянбердиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі департаментінің директоры:
Бұл жағдайды біз білеміз. Өкінішке қарай, пациенттерден де естіп жатырмыз. Бұл әрине министрліктің бақылауында тұр. Яғни бұрын біздер дәрі-дәрмекке тапсырыс беру алдында дәрі-дәрмектің көлеміне қарай болжам жасайтын болса, қазір жекелендірген, әр науқас басына әрбір дәрі-дәрмекті есептеп, информ жүйесі арқылы толық қажеттілікті шығаруға өтіп жатырмыз.
Не өзгереді? Түсіндірейін. Мысалы, қазір бір емханаға жыл сайын шамамен 3 мың кардиомагнил жеткізіледі делік. Бірақ кей тұрғындар көшіп кетіп, емханасын ауыстырады. Енді бірі емделіп кетеді. Нәтижесінде, мәселен, 500 дана кардиомагнил артық қалады. Алайда басқа емханаларда науқастар сол дәріге жете алмай отырады. Сарапшылардың жүйеде олқылық көп деп отырғаны содан.
Министрліктің реформасынан кейін дәрігерлер науқасқа қажет дәрілердің санын базаға бірден тіркеп отырады. Соның арқасында дәрі жетпеді не артық қалды деген мәселе болмайды. Жемқорлыққа жол бермеу үшін цифрлық жүйе де жасалып жатыр. Әр дәрі қайда келе жатқаны, қанша дана жеткізілуі керек екені – бәрі қатаң бақылауда болады. Осылайша 2027 жылдан бастап мәселе түбегейлі шешіледі, дейді министрлік. Ал сарапшының пікірінше, бұл бастама расында жағдайды реттеуі мүмкін. Идея жақсы. Бірақ іске асыру жайы ойдағыдай бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы